Қалауын тапсаң қар жанады. Арктика құрлығында да баламалы қуат көзін өндіруге болады. Ресейлік ғалымдардың осындай жобасы ЕХРО көрмесі аясында көпшілікке таныстырылды. Арктика тек қана қар мен мұздықтарға бай деп білеміз. Бірақ онда шуақты күндер де жеткілікті екен. Ендеше неге сол күн көзінен қуат алмасқа. Екінші әдіс – желдің мүмкіндігін кәдеге жарату. Оның орташа жылдамдығы секундына 15 метр. Осы және өзге де тың әдістердің жұмыс істеу тәртібін ауданы мың шаршы метрлік Ресей павильионынан көруге болады.

 

ЮЛИЯ ОСТРОУХОВА, РЕСЕЙ ПАВИЛЬИОНЫНЫҢ МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - ЕХРО көрмесіне Ресей Федерациясынан 200 тарта компания өз жобаларын әкелді. Біз әртүрлі ауа райы жағдайында баламалы қуат көзін өндіруге басымсымдық бердік. Келушілер ерекше әсер алуы үшін мұның бәрін сенсорлық экрандар және түрлі ойындар арқылы ұсындық. Тіпті осында арктикадан әкелінген мұзды да көруге болады.

 

ЕХРО көрмесінде Өзбекстан павильоны да өз жетістіктерін көрсетіп жатыр. Сан түрлі оюмен өрнектелген, тігісі жатық, тоқуы келіскен кілемдер мен дәмі тіл үйіретін тәттілерден тұратын павильон қонақтан босамай тұр. Жаңа технологиямен арнайы өсірілген көкөніс көздің жауын алады. Ал ең бастысы – күн сәулесі және электр қуатымен жүретін көліктер.

 

АЗИЗА МОМЫНОВА ӨЗБЕКСТАН ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біздің көрмеміздің бірінші қабатында Өзбекстанның болашағын танытатын нанотехнологиялар орналасқан. Ал екінші қабатты біз өз еліміздің бір бөлшегіндей етіп жасадық. Мұнда келген әрбір көрермен өзін Өзбекстанда жүргендей сезінуі тиіс.

 

Ал Сербия елі тұтынатын қуат көзінің 62 пайызын су электро станцияларынан өндіреді. Бұл кешендер таудан бастау алатын өзендер бойында орналасқан. Осы су ағыны қалай қуат көзіне айналатындығын павилондағы мына мониторлардан көруге болады. Келушілер оны қолмен басқара алады. Ағынды неғұрлым жылдам жүргізсеңіз қуат күші сәйкесінше арта түседі. Сербия әуелден жасыл экономикаға басымдық берген ел. Олардың жаңадан іске асырып жатқан жобаларын арнайы көзілдірік арқылыда тамашалауға болады.

 

СИНИША МАЛИ, БЕЛГРАД ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

 - Сербия мен Қазақстанның ұстанымы ұқсас. Сондықтанда ЭКСПО көрмесін Астанада өткізу бастамасын біз бірден қолдадық. «Болашақ энергиясы» бұл барша адамзаттың игілігі үшін қажет. Оны іске асыру үшін Қазақстан өзіне үлкен жауапкершілік алып, тамаша көрме ұйымдастырып отыр. Осында өз жобаларымызды көрсетуге мүмкіндік бергеніне рахмет.

 

Монако Княздігі де талайды тамсандырды. Шағын мемлекеттің жасыл энергетика саласындағы тәжірибесі көпшілікке таңсық. Ұлттық павильонға келушілер баламалы энергия көздерін алу тәсілдерін виртуалды бейнекөрсетілім арқылы тамалашалай алады. Мәселен, бұл елде экологиялық таза технологиялар кеңінен қолданылады. Монаколықтар күн қуатымен жүретін велосипед пен ұшақ құрастырған. Сондай-ақ, олар қоқысты қайта өңдеп, одан энергия алу жолдарын да ойлап тапқан. Еуропалықтар 2050-інші жылға қарай көмірқышқыл газ өндірісін 80 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. 

 

АЛЕКСАНДР БОКИЙОН, МОНАКО ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /:

 - Павильонның тақырыбы адам мен судың арасындағы байлайнысқа арналған. Монако Жерорта теңізінің жағасында орналасқаны баршаға мәлім. Сондықтан біз жасыл энергетика саласында суды барынша пайдаланамыз. Мәселен, қазір біз теңіздің үстінде тұтас бір қала тұрғызуды көздеп отырмыз. Ол судан алынатын қуатпен жарақталмақ. Негізі, сәулеті мен дәулеті жарасқан ЭКСПО көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстан маңызды шараны абыроймен өткізеді деген енімдемін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер