ЕХРО қалашығында Біріккен Араб Әмірліктері ұлттық павильонын ашты. Арабтар қонақтарға бірнеше тосын сый жасады. Мәселен, мұнда келушілер 2020 жылы Дубайда өтетін ЕХРО көрмесіне және Марс ғаламшарына виртуалды саяхат жасай алады. Сондай-ақ, бұл жерде күннен энергия алатын саябақ та таныстырылып, жұртқа паш етілді. Оның ерекшелігі сол, мұнда секундына 600 киловатт қуат өндіріледі. Бұл үйді бір апта электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті.   

 

МАНСҰР ӘЛ-МАНСҰРИ, БАӘ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - ЕХРО-ның ашылу салтанаты керемет өтті. Кеше Қазақстан таңғажайып шоумен таң қалдырды. Мен осындай тарихи оқиғаның куәгері болғаныма қуанамын. Қазақстандықтар бізді құшағын жая қарсы алды. Ең бастысы, халықтың қонақжайлығы, кеңпейілділігі ұнайды.

Ұлыбритани павильонының тақырыбы көрменің бағытымен үндес. «Энергия – ол біз». Осындай ұранмен Ұлыбритания өзінің энергия мен тау-кен саласындағы ғылыми және инженерлік тәжірибесімен бөлісіп, жұмыстарымен таныстырады. Мұнда аумағы 17 метрлік 40 мың пиксельді панорамалық экран қойылған. Онда бейнеленген мінсіз табиғатты  графистер 8 мың компьютердің көмегімен бір айда жасап шыққан. Ал панорама ішінде қазақтың киіз үйімен пішіндес шыны құрылым бар. Сондай-ақ, мұнда Ұлыбритания ғалымдары жақында жасаған «ГрафЕн» инновациясы көпшілік назарына ұсынылады. Бұл – жоғары технологиялық өнертабыстарда қолданылатын өте ұсақ әрі бағалы материал.

 

ЧАРЛЗ ХЕНРИ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

 - Ұлыбританияның төл тарихын жаңа технологиялар арқылы көрсеткіміз келді. Ғылыми өнертабыстардың дені өзімізде жасалған. Павильонымызға келген қонақтар, керемет әсерге бөленіп,   жаңалыққа жаны құмартып шығады деген сенімдеміз. Жалпы Астанадағы ЕХРО-- Қазақстан үшін  жаһандық   деңгейдегі ірі оқиғаның бірі ретінде тарихта қалары сөзсіз. Өйткені әлемнің әр түкпірінен осы елді көру үшін келетіндердің қарасы қалың. Бұл көрмеден кейін халықаралық аренада Қазақстанның шоқтығы бұрынғыдан да биіктей түспек. Шетелдіктер де осы көрмеге қарап Қазақстанның сенімді әріптес болатынына көз жеткізе түседі.

Төрткүл дүниені дүбірге бөлеген - ЕХРО халықаралық көрмесі өтетін тоқсан үш күннің ішінде бас-аяғы екі жарым мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылады. Соның бірі - Люксмебург ұлы герцогтігі күні.

 

ЭТЬЕН ШНАЙДЕР ЛЮКСЕМБУРГ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жаңартылатын, балмалы қуат көздерін іздеуге мүмкіндік беретін Астана ЕХРО-сы біздің мақсатпен үндес екен. Баламалы энергияны насихаттап жүрген елден үйренеріміз де көп, байланыс орнатуға деген құлшыныс та ерекше. Қазақстан мамандырылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бұған да куә болдық.

Люксебург павильонын аралайық. 2050 жылға таман жұмыр жер тұрғындары 10 млрдты құрайды деген болжам бар. Люксембург ғалымдары «Сол кезде ресурс көздері экономикалық балансты ұстап тұра ала ма?» деген сауал төңірегінде толғануда. Және олар ғарыштан қуат алу мәселесін көтеріп отыр.  Ал Люксембургтың ұлттық күніне орайластырған шараның ресми бөлімі аяқталған сәтте сахнаға виолончелін ұстап, тәуелсіз музыкант Андрэ Мергентхалер  көтерілді. Аспабының құлақ күйін келтірді де, ЕХРО аумағын сазбен көмкерді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер