ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесін қабылдап жатқан Қазақстан Астанасы әлем назарында. Қазақ елі ауқымды шараға бес жылға жуық дайындалды. 2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші бас ассамблеясында өткен дауыс берудің қорытындысы бойынша Астана ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болды. Содан бері қалада жалпы ауданы 174 гектарды құрайтын жаңа қалашық бой көтерді. Нысандардың құрылысына 408 отандық кәсіпорын қатысып, ЕХРО-ның арқасында қосымша 55 мың жұмыс орны құрылды.

ЕХРО көрмесінің павильондарына 60 мың шаршы метр жер бөлінген. Онда 115 ел мен 20 халықаралық ұйым өздерінің ғылыми жетістіктерін ұсынып отыр. Әр мемлекет қонақтарды көптеп тарту мақсатында павильондарының толтырылуынан бөлек, мәдени бағдарламалар да әзірлеген.

 

МИШЕЛЬ ЛАУ, МАЛАЙЗИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз павильонымызға барлық астаналықтар мен қала қонақтарын шақырамыз. Ең алдымен біз тропикалық ормандарымызды көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ қайта жаңғыртылатын энергия көздері таныстырылады. Малайзияның мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрлері де көрсетіледі.

Ал Корея ғалымдары  ЕХРО көрмесінде сутегімен жүретін автокөлігін таныстырмақ. Өткен ғасырдың 50-ыншы жылдары қуат көзіне мұқтаж болған бұл мемлекет бүгінде энергия үнемдеу саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен. Сондықтан ең соңғы технологияларымен бөлісуге дайын. Талайдың талпынысын көтеретін ұлық шарада күн батареялары, «смарт сити», «ақылды инфрақұрылым» секілді жобаларды паш етпек.

 

КИМ ДЖОНГ ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Павильонымыздың екінші қабатында алдағы жылы Чеджу аралындағы Пхёнчан қаласында өтетін  Олимпиада ойындарын виртуалды тамашалауға мүмкіндік жасадық. Мұнда белгілі артистердің фотосуреттері мен бейнежазбаларын да көруге болады. Ал 18-шілдеде Қазақстанға танымал кореялық жұлдыздардың қатысуымен үлкен концерт өтеді.

Жапония өкілдері жобаны қазақ тілінде жасаған. Табиғи ресурстары аз елдің баламалы қуатқа құлшынысы мықты. Фукусимадағы табиғи-техногендік апаттан кейін 54 ядролық реакторын тоқтатқан ел 2030 жылға дейін атом электр станциясының үлесін нөлге теңестіруді жоспарлайды. Қазір сутегі энергетикасы жобаларын қолға алған. Технологияда ешкімге дес бермейтін Жапония үздік смарт жобаларын да ұсыныпты.

 

ТОМИЯСУ НАКАМУРА, ЖАПОНИЯ ҮКІМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Біз баламалы энергияны пайдаланғанда экологиялық мәселеге баса мән береміз. Мәселен, 2-3 жыл бұрын сутегімен жүретін көліктерді шығардық. Онда ауаға бөлінетін судың өз ішуге болатындай таза.

Аумағына 115 ел мен жиырмадан аса хлықаралық ұйымның павильондарын сидырып тұрған ЕХРО қалашығы сағатына 13 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Оның аумағында 4,5 мың ерікті жұмыс істейді. Дүние жүзі бойынша ақпараттандыру шараларының арқасында ЕХРО туралы 1 млрд-тан аса адам хабардар болды. Көрмеге жалпы саны 5 млн-ға дейін қонақ келеді деп болжанып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер