Құрғақ өңірлерде өсімдікті суарудың тың тәсілдері, негізгі магистарльдерден алшақ орналасқан елді-мекендерге арналған шағын электр станция үлгілері, жерді лазерлік тегістеу мүмкіндіктері. Бұл жобалар ЕХРО-дағы БҰҰ-ның павильонында ұсынылды. Идеялардың дені өңірлерде сыналып үлгерген. Мәселен, бір қарағанда тек интерактивті құмсалғыш болып көрінген мына жобада Алматы өңірінің үлгісінде отарлы мал шаруашылығында жел диірмені мен күн энергиясын тиімді пайдалану жолдарымен танысуға болады. Суармалы егіншілікте заманауи технологияларды пайдаланудың шешімдері де көрсетілген.

 

ЕРЛАН ЖҰМАБАЕВ, БҰҰ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

 - Қызылорда өңірінде лазерлік тегістеу технологиясының көмегімен ылғалды сақтау  жобасын жүзеге асырдық. Құрғақ аймақта суды 30 пайыз үнемдеуге мүмкіндік беретін мұндай тәсілді қолдану аса маңызды. Әдетте жердің тегіс емес бөлігіне  су жиналып, ылғал жоғалтылады. Лазерлік нивелирлеу тәсілі мұны болдырмайды.

Арнасай ауылындағы фитодиод арқылы жарықтандырылатын жылыжайдың шағын үлгісі де осында. Бұл шамдар натрийлік жүйеге қарағанда, энергияны әлдеқайда аз шығындайды. Өсімдіктің өсу мерзімі де барынша жылдам. Бұл тәсіл Орталық Азияда алғаш рет қолданылуда.

АННА ЛАПАЕВА, ЕРІКТІ:

Фитодиодты шамдар арнайы өсімдер үшін арналған. Олар фотосинтезге қажет қызыл және көк түстер арқылы өнімге жарық береді. Олар аса ыстық болмағандықтан, өсімдіктерге барынша жақындатуға болады. Ал әдеттегі шамдарды өнімнен 2 метрдей қашықтықта тұруы тиіс. Натрий қолданбағандықтан, ауаға химиялық зат бөлінбейді.

ДЖИХАН СУЛТАНОГЛУ, ЭКСПО-ДАҒЫ БҰҰ-НЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

Қазақстан – жасыл экономикаға көшу мен энергияны тиімді пайдалануды қолға алған алдыңғы қатарлы елдердің бірі.   Бұл салада көшбасшы бола алады деп сенемін.  Көрмеге әлемнің әр елінен ғалымдар мен сарапшылар жиылды. Олар бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, идея алмасады деп ойлаймын.  ЕХРО-ға келушілер болашақ энергиясы жайлы көп әрі танымды мағлұмат алатын болады.

Айту керек, БҰҰ мен бірге  бірқатар жобаны жүзеге асырған Қазақстан соңғы бес жылда ғимараттарды жылытуға кететін энергияны 45 пайызға қысқартқан. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер