Дүйім жұрт тағатсыздана күткен ЕХРО көрмесінің ашылу күні де таяп қалды. Төрткүл дүние құлақ түріп, көз тігетін халықаралық шараның павильондары ашылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл тың үрдістің есігін алғашқылардың қатарында Швейцария мемлекеті ашты. Жер жаһанды тұмса табиғатымен тамсандырған ел әлемдік инновация өкілі ретіндеде танылып келеді. Швейцарияның да басқалардай өзіне тән энергетикалық құндылықтары, баламалы қуат көздері бар. Алайда картоп қалдықтарын кәдеге жаратып биогаз өндіретін бірден-бір ел. Бұл қуат көзімен ондағы бар қоғамдық көлік жүреді екен.

 

МАНУЭЛЬ САЛЬХЛИ ШВЕЙЦАРИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - Швейцарияда 40 пайыз атом энергиясы, 55 пайыз судың, қалған 5 пайызы күн, жел энергиясы, тіпті геотермалдық қуат көзі де қолданылады. Қазір біз Атом энергиясын айналымнан ығыстырып, станцияларды  біртіндеп жауып жатырмыз. Сондай-ақ, көрмеде экологиялық тиімді автомобиь ұсынамыз. Әлемде алғаш рет күн энергиясы есебінен ғарышқа ұшатын ұшақты ойлап тапқан да біздің өнертапқыштар. Шара барысында бұл жаңашылдықтың артықшылықтары паш етіледі.  

 

Таиланд елі биоэнергетика саласының әлеуетін  паш етпек. Аграрлы ел өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтарын қайта жаңғыртып, энергия алудың тиімділігін алға тартып отыр. Корольдік өсімдік қорларын баламалы қуат көзіне айналдыру жаһандық бастамасы төңірегінде Азия Тынық мұхиты өңірінде көш бастап келеді. Павильонның бойтұмары - Пха-ланг атты жүгері. Ол қонақтарға графикалар, жарық диодты LED экрандар арқылы экологиялық таза энергия алудың жолдарын ұсынады.

 

ВОРАНОН ЧАНСИРИ, ТАИЛАНД ЕЛІНІҢ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Біздің елде баламалы қуат көзінің үлесі – 6 пайыз. 2021 жылы оны 25 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл орайда биоэнергетикаға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл біріншіден, экологияны тазартады және экономикалық жағынан аса тиімді. Айта кетейін, экология мәселесінде біз Қазақстанның орман алқаптарын жаңғырту тәжірибесін зерттеп отырмыз.

Жалпы, ЕХРО көрмесінде әлемнің 115 елі мен 22 халықаралық ұйым баламалы энергетикадағы жобаларын таныстырады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер