Латвия EXPO-2017 көрмесіндегі өз павильонын әзірлеу жұмыстарын аяқтады. Бұған жалпы көлемі 800 мың еуродан асатын қаржы жұмсалған. 365 шаршы метр аумақты алатын қос қабатты кешен тақырыптық аймақтарға бөлінген. Павильонның тура ортасында үш интерактивті асыл тас орнатылған. Ол жерде 3D көзілдірігін киіп, Латвия елі мен оның көрікті жерлерін тамашалауға болады.

 

АГНЕСЕ ЛАСЕ, СӘУЛЕТШІ:

 - Онда 3D көзілдірігінің алтауы ұсынылады. Әрқайсысында Латвияның табиғаты мен Рига туралы әртүрлі көріністер болады. Бұл жерде бейне жазбаға арнайы түскен Раймонд Паулспен бірге өнер көрсетуге де тамаша мүмкіндік бар. Және тағы бір кішігірім құпияны ашайын, бобслейге арналған шанаға отырып, біздің әйгілі Сигулдтегі жолмен жүріп өтуге де болады.

EXPO көрмесіне 30-дан астам компания қатысатынын растады. Бірақ, бұл сан алдағы үш айда 50-ге дейін өсуі ғажап емес, дейді ұйымдастырушылар. Латвияның теміржолы мен Риганың бос порты алдағы халықаралық байқаудың басты нысандарына айналады. Бұл жерде олар өздерінің логистикалық мәселелерін шешу үшін қандай технологиялар мен жобалар дайындалғанын жариялайды.

 

ЭДВИНС БЕРЗИНЬШ, ЛАТВИЯ ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Әрине, «Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен ЕХРО мамандырылған көрмесіне арнайы дайындаған жобаларымыз бар. Біз онда сутегімен қозғалатын сутегі локомотивін 3D принтері арқылы көрсетеміз. 2020 жылға қарай барлық теміржолдарда, соның ішінде Қазақстанда да осындай локомотив қолданысқа енгізілсе, онда оны жасап шығаруға бар күшімізді саламыз.

Көрмеге Латвияның мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары да қызығушылық танытып отыр. Қазір республикада жүздеген қазақстандық студент білім алып жүр. EXPO көрмесінің арқасында олардың саны әлдеқайда артуы мүмкін.

 

ЯНИС ЭНДЗИНЬШ, EXPO-2017 КӨРМЕСІНІҢ ЛАТВИЯ КОМИССАРЫ:

 - Көрменің нәтижесінде болашақта Қазақстаннан оқуға келетін студенттердің саны көбейе түсетініне үміт басым. Сол сияқты Қазақстанның жоғары оқу орындарымен әртүрлі серіктестік орнатып, басқа да іс-шаралардың атқарылатынына сеніміміз мол». 

Латвия халқы EXPO көрмесі қарсаңында Рига қаласында тұрып Астанамен телекөпір өткізді. Олар онлайн режимде көрмеге экскурсия жасап көрді. Әрине, EXPO өзінің ауқымымен, безендірілуімен, нысандарымен де, инфрақұрылымымен де таң қалдырды.

Астанадағы халықаралық EXPO көрмесіне Латвияның мемлекеттік, муниципалдық және жекеменшік кәсіпорындары ғана емес, мемлекет басшысы Раймондс Вейонис те келмекші. 9-шы шілдеде өтетін Республиканың Ұлттық күнін Латвия президенті ашатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер