Астанадағы ЕХРО қалашығының инновациялық инфрақұрылымы көрме аяқталысымен елордалықтардың игілігіне қызмет етеді. Жергілікті әкімдіктің меншігіне көшетін инженерлік желілердің бірі – халықаралық шараны электр қуатымен жабдықтаушы ақылды қондырғылар. Көрме аумағында  «Смарт гид» жобасы аясында күн және жел энергиясы пайдаланатын болады. Баламалы жолмен өндірілген қуатты 50 станция арқылы таратылады. Есесіне, электр энергияны тұтыну  30 пайызға дейін үнемделмек.

 

ДАНИЯР ӘШІРОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК ДЕПАРТАМЕНТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - «Смарт гид» жобасының басты артықшылығы қалалық жарықтандыру жүйесіне еш кедергісіз қосыла алатынында. Енді бір ерекшелігі – ондағы барлық қондырғыларды жасап шығаруға  қажетті шикізат қоры толығымен өзіміздікі.  Сондықтан жобаның қазақстандық үлесі 100 пайызды құрайды.

 

Бұған қоса, ЕХРО қалашығының көшелерін жарықтандырудыңда жаңа жүйесі енгізілді. Ол үшін энергияны ысырап етпейтін диодты шамдар орнатылған. Жарық қозғалыстың қарқынына сай өздігінен реттеліп отырады. Ал мұндағы ақылды көлік тұрақтарына жеке тоқталған жөн.

 

ВЛАДИМИР СОБОЛЕВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

 - Көрмеге келген адам қай автотұрақта орынның бар-жоғын ішке енбей-ақ біле алады. Кіреберісте электрондық ақпараттық  тақта орнатылады. Бос орын табылмай қалса, қам жеудің қажеті жоқ.  Көрме айналасында  қосымша көлік тұрақтары болады. Олардың барлығы ақылы негізде жұмыс жасайды. Төлемдер электронды түрде де қабылданады. 

 

Айта кетейік, қалашық аумағында 5 мың көлікке арналған кең ауқымды автотұрақтар салынған. Ал дүниежүзілік шара аяқталған соң орнына басқа да ғимараттар салу мақсатымен жергілікті әкімдіктің меншігіне беріледі.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер