Францияның 8 жетекші компаниясы EXPO-2017 аясында технологиялық инновациялар көрмесін өткізеді. Мұнда бұрын-соңды көрсетілмеген жаңа автокөлік таныстырылады. Бұл туралы павильонның бас комиссары Паскаль Лоро хабарлады. Ол павильон жобасын таныстыру барысында француз мамандары «Экоқала», «Жаңғырмалы энергия» және «Экологиялық көлік» сынды 3 тақырыпқа басымдық бергенін айтты. Түрлі технология көрсетілетін бөлмелердің арасында галереялар орналасады. Еуропа елінің делегациясы екі ұлттық мерекесін атап өтуді жоспарлап отыр. Яғни, көрме қонақтары маусымның 21-інде – Франция күніне, ал 14-шілдеде Бастилияны алу күніне орай ұйымдастырылатын шараларға қатыса алады. Көрермен қауым әйгілі суретшілер мен мүсіншілердің де туындыларын тамашалай алады.

 

ПАСКАЛЬ ЛОРО, ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

 - Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптес. Бізге ең үлкен павильондардың бірі берілді. Оның аумағы 1084 шаршы метр. Ғимараттың ішінде соңғы жылдары қол жеткізілген барлық инновациялық жетістіктерімізді көрсетеміз. Көрме нәтижесі бойынша көптеген қазақстандық компаниялармен келіссөз жүргізіп, қос тарапқа да тиімді болатын жобаларды қолға алмақпыз.

 

Ал Ресей болса, EXPO-2017 көрмесінде Арктика аймағына назар аударуды жоспарлап отыр. Бұл аймақты ресейлік ғалымдар болашақ энергияның көзі ретінде қарастырады. Осыған орай елдің EXPO көрмесіндегі павильонының төрінде алып мұзтау орнатылмақ. Сондай-ақ, ресейлік ірі компаниялар Астанадағы көрмеде атомдық энергетика мен жаңғыртылатын энергия көздері салаларындағы жаңалықтарды көрсетуге дайын. Көрме аясында Ресей жүзден астам форум мен конференция өткізеді. Ресейлік павильонды ұйымдастырушылар бұл көрмеге екі жүзден астам компания мен ел аймақтары қатысады деген ойда. Олар жаңа бизнес байланыстарды нығайтумен қатар, қазақстандық компаниялармен бірігіп баламалы энергетика саласында жаңа жобаларды бастауды көздеп отыр.

 

ГЕОРГИЙ КАЛАМАНОВ, РЕСЕЙЛІК СЕКЦИЯНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

 - Астанадағы көрме бизнес алаңға айналмақ. Мұнда жүздеген, мыңдаған келісімдерге қол қойылатыны сөзсіз. Миллиондаған келушілерді күтудеміз. Жуырда Ресей EXPO-2025 көрмесін өткізуге өтінім бергенін ескерсек, біз үшін Астандағы шара өте маңызды болып тұр.

 

ИГОРЬ ШАХРАЙ, «ХЕВЕЛ» КОМПАНИЯ ТОБЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Жақында Қазақстанға барып, көрмені қарап шықтым. Ашылуға дайын. Бәрі сақадай сай. Осындай халықаралық дәрежеде аумақты шара өткізу біздің елдеріміз үшін тиімді нәтиже бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер