ЕХРО көрмесі Қазақстан жастарын баламалы қуат көздерін дамыту бағытында ізденуге ынталандырып, шабыттандыра түсті. Солардың бірі –Назарбаев Университеті жанындағы Инженерия мектебінің түлегі Радхан Сармұханов. Электронды және электр техникалық инженерия мамандығын меңгеген жас отандық технология саласына үлесін қосқысы келеді. Таяуда шымылдығы түрілгелі тұрған EXPO көрмесі өзі секілді жастарға берілген керемет мүмкіндік дейді.

 

РАДХАН САРМҰХАНОВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ:

 - Менің ойымша, ЕХРО деген керемет жоба. Шетелдерге көз жүгіртсек, көбі жасыл энергетикаға көшіп жатыр. Бұл экологиялық жағынан таза болса, экономикалық жағынан үнемді. Елімізге ЕХРО көрмесін қабылдау бақыты бұйырып отыр. Бұл біз үшін үлкен абырой. Біздей жас әрі дамушы елдерге әр идеяны назардан тыс қалдырмау керек.

Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбынан шабыт алған жас ғалым электр қуатын тиімді тұтынуға мүмкіндік беретін жобамен айналысуда. 

 

МЕХДИ БАГЕРИ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Жобасы электр трансформаторларын тиімді қолдануға арналған. Көліктерді жылдам әрі сымсыз қуаттандыруға арналған өзге де жобалары бар. Әлде де жетілдіріп жатқан жүйе арқылы көлік автотұрақтан электр қуатын ала алады. Ұялы телефонмен басқарылатын жүйені ойластыруға бір жыл уақыт кетсе, оны нарыққа енгізу үшін тағы сонша уақытымыз жұмсалады.

Ал маңғыстаулық өнертапқыш ойлап тапқан жел электр станциясы ЕХРО-2017 көрмесіне қойылады. «Болашақ энергиясы» республикалық байқауының жеңімпазы өңірдегі жеке шаруа қожалығының біріне алғашқы құрылғыны орнатып, сынақтан сәтті өткізді. Облысты электр қуатымен қамтып отырған кәсіпорын мамандары тың жобаға жоғары баға берді. Құрастыруға небәрі 100 мың теңге жұмсалатын құрылғы сағатына 10 киловат қуат өндіреді. Мұндай станцияны қала үйлерінің үстіне де орнатуға болады. Самал соққан бағытқа қарай өздігінен бұрылып тұратын станция желден қуат алатын өзге құрылғыларға қарағанда энергияны екі есе артық жинайды.

 

МАРАТ ИСЕКЕЕВ, ӨНЕРТАПҚЫШ:

 - Суға платина қояды ғой, дәл сол сияқты біз желдің жолын жауып, желді жел стансасының ішінен өткізіп, жел энергиясын электр энергиясына ауыстырамыз. Сквозняк арқылы алған желдің жылдамдығы көбейеді.

Қымбат материалды қажет етпейтін инновациялық бастамаға жергілікті фермерлер де зор қызығушылық танытып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер