Семейде жолаушылар автокөлігінің жаңа экологиялық түрі құрастырылып, нарыққа жол тартты. 16 орындық шағын автобус қала аралық бағыттарға арналған. Алғашқы көліктер Алматы қаласының тапсырысы бойынша құрастырылды. Шанағы тұтас металдан құйылған жаңа көлік әрі сапалы, әрі жайлы. Сапарға шыққан жолаушылардың шаршамауы үшін барынша жағдай қарастырылған.

 

МҰРАТБЕК МАҚАШ, ТЕХНОЛОГ-ИНЖЕНЕР:

 - Ең бірінші мақсат - қазақстанның ішкі нарқын қамтамасыз ету. Сонымен қоса, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін тек қана білім емес, технология саласын дамыту. мысалы, айта кетер болсақ, газ және бензин, бұл біздің экологиялық ортаға да ең бір пайдалы болып отыр.

 

ӘСЕМХАН ДОСҚОЖАНОВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

 - Елбасының саясатының арқасында Ресей мен Қазақстан арасы қазір ашық. Еуразиялық Экономикалық Одақ жақсы жұмыс істеп тұр.  Қосалқы бөлшектер келіп жатыр, пошлина, таможня деген жоқ. Біз барлығын тікелей алып отырмыз. Өте жеңіл жұмыс істеуге, мына жерде де біз ойлаймыз, кішкентай Газельдің бортын, будкаларын бәрін өзіміз жасаймыз. Сонда ол 30 пайызға дейін өседі.

Биыл 10 жылдығын атап өткелі отырған кәсіпорында 400-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. Мұнда автобустардан бөлек трактор, жүк көліктері де құрастырылады. Жыл соңына дейін жаңа жолаушылар көлігінің бес жүзін шығару жоспарда бар.

Ал Қостанай автозауытында құрастырылған экокөліктер EXPO көрмесінде қызмет көрсетеді. Астанаға барлығы 423 автобус жіберіледі. Оның жиырмасы гибридті, яғни дизель отынымен қатар электр қуатын пайдаланады. Бұл қоғамдық көліктер халықаралық талаптарға сай. Және жергілікті ауа-райына бейімделген.

 

БЕЙБІТ ЕСЖАНОВ, АСТАНА Қ. ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қостанайлық зауыттан алынған автобустардың 270-і қалалық маршруттарға қосылады. 110-ы шетелдік қонақтарды тасымалдайды. 43 автобус EXPO-ға аймақтардан келетін мектеп оқушыларына арналған.

Италиялық компаниямен бірлескен автобустар құрастыру жобасы былтыр қолға алынған болатын. Жылдық қуаты 3 мың дана. Мамандар елімізде бірегей бастаманың өз жемісін беретіндігіне сенімді.

 

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, АВТОЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ерте ме, кеш пе автоөндіріс бензиннен бас тарта бастайды. Сондықтан оны алмастыратын балама отын түрін қазірден қолданысқа енгізе беру керек. Дизель және электр қуатымен жүретін біздің автобустарды тек EXPO-да ғана емес, жақын болашақта еліміздің әр өңірінде көретін боласыздар.

Астанаға арналған автобустар маусымның 10-ына дейін жеткізіледі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер