EXPO-2017 халықаралық көрмесі Қазақстанды әлем туристері үшін таныстыруға зор мүмкіндік. Табиғаты саналуан, тарихи ескерткіштерге бай қазақ еліне Түркияның туристік агенттіктері ерекше қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік туроператорларымен кездесу өткізді. Ол халықаралық көрмеге келуші шетелдік меймандар үшін жаңа туристік бағыттар ашылып, еліміздің тарихи, мәдени орындарына емін-еркін саяхаттауға барлық жағдай жасалғанын айтты.

 

ХУСЕЙН БАРАНЕР, ТҮРКИЯ ТУРАГЕНТТІКТЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - EXPO-2017 көрмесінің мазмұны өте терең. Ол жаңғыртылатын қуат көздері мен энергияның өзге де баламалы түрлерін қолдануға ынталандырады. Бір сөзбен айтқанда, заманауи технологияларды пайдалана отырып, қоршаған ортаны ластамау, табиғатты аялауға үндейді. Сондықтан «Болашақ энергиясы» тақырыбы туристер үшін өте қызық болары сөзсіз. Өзім де Астанаға барып, халықаралық шараны өз көзімен тамашалауға асығып отырмын.

 

МҰРАГЕР САУРАНБАЕВ, EXPO-2017 КОМИССАРЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Түркия мемлекетінен де бірқатар туристердің келетініне көзіміз жетті. Өйткені біздің презентациядан соң ірі туристік компаниялар көрмеге қатысамыз деп ілтипат білдірді. Жалпы, Түркияның EXPO көрмесіне деген көзқарасы ерекше. Былтыр Анталияда EXPO-2016 көрмесі сәтті өткен болатын. Қатысып жатқан ірі компаниялар осы жылы Астанадағы көрмеге міндетті түрде келеміз, өзіміздің жобаларымызды көрсетеміз деп ниет білдіруде.

 

Астана ЕХРО халықаралық көрмесі Қазақстан елордасында биыл маусымның 10-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығында өтеді. «Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен шараға 115 мемлекет және 20 халықаралық ұйым қатысқалы отыр. Олардың дені көрме қалашығында өз павильондарын безендіруге кіріскен. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер