Темірге жан бітіріп, тапсырмаларды өздігінен орындай алатын ақылды құрылғы құрастыру қазақстандық оқушылардың қолынан келеді. Бұған  робототтық техника олимпиадасының аймақтық кезеңі көз жеткізді. Құлтемірлер сырт көзге ойыншық болып көрінгенімен футбол ойынында ептіліктерін танытып,  механикалық сумо күресінде иық тіресіп күш-қуатын аңғартты. Жылдамдықтары кедергіге толы жолды бағындыруында білінсе, ойлау қабілеттері бағдарлау сынында анықталды.

 

ЕЛДАР МЫРЗАБЕКОВ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Біздің роботымызда жылдамдық бар, күш бар және ойлау қабілеті бірдей дамыған. Сондықтан біз бірінші орын алдық.

 

АРМАН НҰРМАН, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Осындай бірінші жарысқа қатысып бірінші орын алғаныма қуаныштымын.

 

Шығармашылық кезеңнің мына туындылары «Тұрақты дамуға бейімделген роботтар» деген жарыстың атына заты сай. Аграрлы еліміздің шәкірттері диқандардың жұмысын әлдеқайда жеңілдететуді көздейтін тың ойларын ұсынып отыр. Ойын баласының қиялынан туындаған құлтемірдің  болашақта қоғам игілігіне қызмет атқаруы ғажап емес.

 

ӘЛІШЕР ӨТКЕЛБАЕВ, ҚАТЫСУШЫ:

 - Біздің роботтың басты ерекшелігі адамның қатысуынсыз өздігінен жұмыс жасайды. Бұл – негізінен егін шаруашылығына арналған кешен. Енді бір артықшылығы тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтінінде. Ол үшін қажетті энергия жинайтын күн батареялары қолданылады. Бір ғана робот дәнді өзі егіп, бірден суарып, дәрі шашады.

 

Жалпы, құлтемір құрастырушылар сыны еліміздің әр өңірінде бір уақытта басталып, оқушылар осы текті өнертабыстарының мүмкіндіктерін көпшілікке паш етті. Заманауи техника тілі  мен компьютерлік бағдарлаудың қыр-сырын жете меңгерген  жеткіншектер жас аралықтарына орай 8 топқа іріктелді. Әр лек 4 бағыт бойынша сынға түсті. Тек елорданың өзінде қазылар алқасы жүзден астам жас ғалымның туындысымен танысып үлгерген.

 

ДАРХАН ҚОЖАМСЕЙІТ, ТӨРЕШІ:

 - 2014 жылы оқушылар шешу жолдарының тек қана бір тармағын қарастыратын болса, қазіргі кезде мәселенің бірнеше жағын қарастырып, оны шешу жолдарының әр түрлі болуы мүмкін екендігін көрсетеді.

 

Айта кетейік, жарыс 13 жылдық тарихы бар халықаралық Word Robot Olympiad жарысының ережелеріне сәйкес өткізілді. Өз өңірінде топ жарғандары EXPO-2017 көрме базасында ұйымдастырылатын республикалық кезеңде шеберлік байқасады. Ел деңгейінде оқ бойы озық шыққандары ұлттық құрама сапында Коста-Рикада болатын дүниежүзілік роботтық техника олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер