Баламады қуат пен қайта жаңартылатын энергия саласындағы жетістіктер таныстырылатын ЕХРО көрмесі қазақстандық жас ғалымдарды  қанаттандырып отыр. Ең үздік жобалар елорда төрінде өтетін ауқымды шарада көпшілік назарына ұсынылады. Жасыл технологиялар саласында ізденіп жүрген мына жастар қарапайым электр шамын сымсыз-ақ жағуға болады дейді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенттері Руслан Исаев пен Мағжан Тәшенбай электр энергиясын сым-темірсіз жеткізу жобасын жасаған. 

 

МАҒЖАН ТӘШЕНБАЙ, СТУДЕНТ:

 - Электр энергиясын тасымалдаудың тиімді тәсілдерінің бірі электр энергиясын тасымалдаудың резонанстық толқындық әдісі болып табылады. Ол әдістің тиімділігі электр энергиясын тасымалдағандағы шығындарды азайту. Және де электр энергиясын сымсыз тасымалдауға мүмкіншілік бар.

Мөлдір Әбдіхан да өзінің достарымен бірге электр энергиясын үнемдеудің жолын табуды зерттеп жүр.

 

МӨЛДІР ӘБДІХАН, СТУДЕНТ:

 - Моторға қуат беру арқылы біз білікті айналдырамыз. Ал, ол білік айналу арқылы генераторға тоқ береді де екі батареяны бірінен кейін бірін зараядттап отырады. Ол батареяның бірін зарядтаған кезде екі лампаға жарық береді ле ал одан тоқ біткен кезде екінші батареяға автоматты түрде ауысады. 

Асылбек Серғазин мен Асқар Сағидулданов ойлап тапқан «жел қозғалтқыштары» да экономикалық әрі экологиялық жағынан тиімді. Желден алынатын энергиямен тұтас қаланы қамтамасыз етуге болады, дейді жастар. Олардың жобалары қолданысқа ену үшін байқауға қатысулары керек немесе бизнес инкубаторлардың көмегіне жүгінулері қажет дейді. 

 

МАРАТБЕК ҒАБДУЛЛИН, ҰЛТТЫҚ НАНОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Алдын-ала қаржы бөлініп,  зертханалық нұсқасын сынап көреміз. Сынақтан өтсе, қаржыландыру көздері көп. Жуырда Коммерциаландыру туралы заң қабылданды. Заңда өміршең жобаларға қаражат қарастырылған.

Жақында Технопарк студенттерінің жұмыстарымен ЕХРО-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев танысты. Ол бірнеше жобаны ерекше атап өтті. Олардың арасында жел қозғалтқышы, биогаз қондырғысы және электр энергиясын сымсыз жеткізу жұмыстары бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер