Италия Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне қызу дайындалып жатыр. Павильонының жалпы аумағы – 900 шаршы метр. Онда келушілерге 1940-шы жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі энергетика саласында жеткен жетістіктер туралы баяндалады. Павильон 4 бөліктен тұрады. Әрқайсысы энергия саласында өзіндік із қалдырған италиялық ғалымдардың есімімен аталады. Тақырыбы да алуан түрлі. Ақпарат бейнематериал түрінде беріледі. Безендіру жұмыстарымен сәулетші Паоло Дезидери айналысты. Оның есімі Қазақстанда да кеңінен танымал. «Ол Астана опера» театрын жобалауға қатысқан.

 

ПАОЛО ДЕЗИДЕРИ, СӘУЛЕТШІ:

 - Біз бірінші кезекте келушілерге Италияның тарихынан, мәдениеті мен дәстүрінен хабар беруді көздейміз. Көрмеге қойлатын  жобаның барлығына үлкен шығармашылықпен қарадық. Виртуальды түрде жасалған жұмыстар да жұртшылыққа ерекше әсер қалдырады деген ойдамыз.                                                       

Италия – қазақ елінің ЕХРО-ға шақыруын бірден қабыл алған мемлекет. Энергетикалық сектордағы 20 ірі компания осы саладағы өз жетістіктерін көрсетуге дайын отыр. Италия ежелден баламалы энергия көзін қолдайды. Себебі, бұл ел  өзгелер сияқты мұнай, газ қорымен мақтана алмайды.

 

ИВАН СКАЛЬФАРОТТО, ИТАЛИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Біз жасыл энергетикаға  басымдық береміз. Осы бағытта жасалып жатқан италиялық технология әлемде үздік деп танылып жатыр. Бүгінде үлкен сұнанысқа ие. Баламалы энергиядан алынатын жарық бағасы да қолжетімді. Біз Қазақстан тарабына алғыс білдіреміз. Бұл тәжірибе алмасудың, жасыл энергетиканы насихаттаудың бірден-бір жолы болмақ.

ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне 115 мемлекет қатысады. Италия осы елдердің бірқатарымен іскерлік байланыс орнатып, тиімді келісім шарттар жасауға ниетті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер