ЕХРО көрмесі елімізге баламалы қуат көздерін дамытуға тың мүмкіндіктер ашады. Халықаралық шара барысында осы саладағы ең үздік жобалар мен жетістіктер таныстырылады. Соңғы жылдары жаңартылатын энергетиканы дамытуға ден қойған Сауд Арабиясы тәжірибе алмасуға дайын. Бұл туралы корольдіктің энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халед әл-Фалех қазақстандық әріптесі Қанат Бозымбаевпен кездесуде мәлімдеді. Ол Сауд Арабиясы елімізде жаңартылған энергия көздерін дамытуға инвестиция салуға мүдделі екенін жеткізді. Тараптар мұнай-химия, атом өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуді талқылап, осы саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін қарастырды.

 

ХАЛЕД ӘЛ-ФАЛЕХ САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Сауд Арабиясының ЕХРО көрмесіндегі павильоны ауқымды болады. Ол жерде біздің жаңартылған қуат көзін игерудегі жетістіктеріміз көрсетіледі. Бұл бағытта өз тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Мұнай-газ химиясы мен минералды ресурстар, тау-кен саласында ынтымақтастықты дамыту жоспарда бар. Екі ел арасында атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде келісім жасалған. Бізді қазір осы саладағы әріптестік қызықтырады.

 

Ал ЕХРО-дағы Финляндия павильонында сол елде оқитын қазақстандық студенттер гид болмақ. Олар отандастарын Финляндиядағы өмірдің ерекшеліктері мен заманауи технологиялардан хабардар ететін болады. Мұндай тәсіл Финляндиямен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді,-дейді ұйымдастырушылар. ЕХРО-дағы Финляндия павильоны 4 ғимараттан құралмақ. Әрқайсысы таза энергия, ақылды қала, таза су және үздік білім беру жүйесі сынды тақырыптарды қамтиды.

 

СЭВЕРИ КЕЙНАЛА, EXPO-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ ФИНЛЯНДИЯНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

 - Біздің павильонымыз орта мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесін қамтымақ. Қазақстан мен Финляндияның әріптестік байланыс орнатуына мүмкіндіктер жетерлік. Білім беру саласын да осы тізімге енгізуге болады. Студенттермен алмасу, тәжірибе бөлісу, технологияларды меңгеру сынды жайттарға аса көңіл бөлетін боламыз.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер