Елордада «Смарт қала» концепциясы сәтті жүзеге асып жатыр. Осы тұжырымдама бойынша шаһарда кезекті жоба қолға алынды. «Астана білім мекені» деп аталады. Енді қала тұрғындары аялдамаларда автобус күтіп тұрып, кітап оқи алады.

 

НҰРДӘУЛЕТ ЕЛУБАЙ, СТУДЕНТ:

 - Адамдар соңғы кездері кітап оқуды доғарып кетті, рухани кемшілік деп санаймын. Автобуспен кетіп бара жатқанда кез келген уақытта телефонын шығарып, кітап оқып дамуға мүмкіндік алып отырғандары пайдалы.

 

Бүгінгі күннің адамы кітапқа емес, смартфонға жиі үңіледі. «Смарт сити Астана» жобасы осыны ескерген. «Астана білім land» цифрлық тақтасы елорданың 27 аялдамасына орнатылмақ.

Смарт тақтада Абай, Мұхтар Әуезовтен бастап, Фариза Оңғарсынованың шығармасына дейін бар. Пушкин, Гоголь, Чеховтың туындылары да осында. Әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған нұсқалары және бар. Қалаған туындыны оқып не тыңдағыңыз келсе, ұялы телефоныңызға кью ар кодты сканерлеу жеткілікті.  Кодта құлаққаптың суреті болса, демек аудиожазба, ондай белгі болмаса, онлайн кітап.

Нақ осындай сандық тақталарды емханаларда, халыққа қызмет көрсету орындарында, мектептерде де орнату жоспарда бар.

 

НАРТАЙ ӘШІМ, «WIKIBILIM» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ҚАМҚОРШЫЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

 - Елбасымыз айтып жатыр ғой, рухани жаңғыру, бірден-бір негізі - ол, ақылды, білімді адамдардың қалыптасуы. Әлемдік әдебиетке бір табан жақын болуы адамдардың   рухани дамуына, жас буынның қалыптасуына әсер етеді деп ойлаймыз.

 

Ой-өрісті кеңейтіп, дүниетаным, түйсікті жоғарылататын әдебиеттің цифрлық әлеміне қазіргі заман ақын-жазушыларының да шығармалары енгізілмек.

Астананы ақылды қала атауын дәлелдейтін енді бір жоба инновацияға негізделген. Елорда көшелерінде ұялы телефондар мен планшеттерді қуаттайтын нысандар пайда болды. Олар күн батареяларымен жабдықталғандықтан, баламалы қуат көзін өндіреді. Орындық және пальма пішіндес қуаттау нысандары қала тұрғындарының көңілінен шыққан тәрізді. Алдағы уақытта жабық аялдамаларға да күн батареяларын орнатып, оларды автономды жүйеге көшіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, елорданың екі көшесін баламалы қуат көзімен жарықтандыру жоспарда бар.

 

РУСТАМ ҚЫДЫРОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Көп ұзамай қала көшелеріне эко-фитнес және эко орындықтар орнатылады. Олар күн батареяларымен жабдықталып, тегін вай-фай желісімен қамтылады. Мақсат - баламалы қуат көзін тиімді пайдаланып, электр энергиясын үнемдеу.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер