Украинаның Астана ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуы елдегі энергетика саласын дамытуға оң әсер етеді. Киевте Қазақстанның аталған елдегі елшілігі өткізген жиын барысында жергілікті бизнес өкілдері және сарапшылар осындай пікір айтты. Ал ЕХРО-да Украинаның жобалары «Жібек жолы» павильонында қойылады. Ұйымдастырушылар аумағы 32 шаршы метр стендті энергетика саласындағы озық шешімдермен толтыруға уәде берді. Себебі қазір бұл сала қарқынды дамып жатыр.

 

САМАТ ОРДАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ УКРАИНАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Украина қазір энергетика саласына ерекше көңіл бөлген. ЕХРО-ға елдің ірі компанияларының қатысу да оған дәлел. Менің ойымша, көрме Украинаға энергетитка саласындағы әлемнің көшбасшыларымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Көрмені ұйымдастырушылар мен украиналық кәсіпкерлер тығыз байланыс орнатқан. Өйткені ЕХРО-2017 көрмесі елдің беделін қалыптастырып, келешек жобалардың негізін қалауға септігін тигізеді.

 

ЮЛИЯ ПИКОВСКАЯ, ЕХРО-2017 ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Көрмеде компания өзі туралы ақпарат беріп қана қоймай, халықаралық нарықта елдің имиджін қалыптастырады. Сондай-ақ, бұл әр компанияға басқа халықаралық шараларға қатысуға жол ашады.

 

Украиналық кәсіпкерлер де ЕХРО-2017 көрмесіне қатысу үлкен мүмкіндік береді деп санайды. Шара барысында қазақстандық іскер топ өкілдерімен бірлескен жобаларды қолға алып, байланыс орнату көзделген.

 

АЛЕКСЕЙ ПАРХОМЕНКО, КӘСІПКЕР /УКРАИНА/:

 - Украинада баламалы қуат көзі қарқынды дамып келеді. Біздің елде ауыл шаруашылығы өнімдері көп шығарылады. Сондықтан жыл сайын 70-80 миллион тонна қалдық қалады. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы саладағы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

«Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін ЕХРО көрмесінде 115 мемлекет пен 20-дан аса халықаралық ұйым баламалы қуат көздерін дамыту бойынша тың жаңалықтарын таныстырмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер