IT саласында тың көзқарасы бар қазақстандықтар Сингапурге жол тартты. Мұндай мүмкіндікке  Smart Zholy бағдарламасына қатысқан командалар ие болып отыр. Басты мақсат та осы. Жеке мамандар емес, 3 немесе 5 адамнан құралған команданың жинақталуы жоба шарты болатын. Алайда Оңтүстік-Шығыс Азияға әр командадан 1 қатысушы барады. Олар 2 апта бойы шетелдік компанияларда тәжірибе жинақтап, бірлескен инновациялық жобаларды қолға алмақ.  

 

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Қазіргі күні елімізде Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы кешенді іс-шаралар басталды. Smart Zholy жобасының басталуы жас стартаперлерге шынайы қолдау болатыны сөзсіз. Жобаға қатысушылар отандық инновациялық өнімдер қатарын арттырып қана қоймай, озық елдердің ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибесін ел игілігіне жаратады деп сенеміз.

Биыл командалар Алматы, Астана, Павлодар және Қарағанды қалаларында  іріктелді. Келесі жылы байқау аясында барлық облыс орталықтарын қамту  жоспарда бар,-дейді ұйымдастырушылар.

 

РАШИД ДҮЙСЕМБАЕВ, «SMART ZHOLY» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Байқау наурыз айының соңында жарияланған болатын. 18 және 30 жас аралығындағы жас мамандардан құралған командаларды іздедік. Барлығы 71 өтініш келіп түсті. Сингапурлық компаниялар олардың 10-ын іріктеп алды. Енді 2 апта ішінде  командалар жоспардан жұмыс прототипіне дейінгі жолды өтеді.

 

ТЭДИУС КО, ECHELON ASIA SUMMIT КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, СИНГАПУР:

 - Smart Zholy жобасында, логистика, телекоммуникация, денсаулық сақтау және қаржы сынды салаларға басымдық бердік. Телекоммуникация бойынша әлемдегі ірі телеком операторлардың бірі – «Синктел» компаниясымен әріптестік орнаған. Оларда стартаптарға арналған «коннект» бағдарламасы бар. Сингапурге келетін қазақстандық командалар осы бағдарламамен таныса алады.

 

Қазіргі таңда Оңтүстік-Шығыс Азия нарығы қарқынды дамуда.  Ол 650 млн-нан астам адамды қамтиды.  Ал әлемдегі жетекші технологиялық хаб болып табылатын Сингапур  дәл осы аймақ ортасында. Сондықтан қазақстандықтар нарыққа Сингапур арқылы шығуды көздейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер