Латвия ЕХРО-2017 көрмесіндегі павильонын безендіруге кірісіп кетті. Балтық Республикасының көрмедегі бұрышы ерекшеліктерге толы болмақ. Павильон 365 шаршы метрді қамтиды. Оның бірінші қабатында қоршаған орта саласында қол жеткен жетістіктер мен инновациялар қойылса, екінші қабатында кездесу орны мен конференц зал орналасады. Ал ең басты безендіру елдің негізгі нышанының бірі – лағыл тастар болмақ. Олар заманауи дыбыстық-көріністік технология арқылы түрленіп тұрады.  

 

АГНЕСЕ ЛАСЕ, СӘУЛЕТШІ:

 - Бұл тастардың биіктігі 5 метрге дейін жетеді. Қонақтар виртуалды көрініс арқылы Латвияның көрікті аумақтарын тамашалай алады. Бұл көрнекіліктер түр-түсін өзгертіп, адамға әсер береді. Павильонда сутекті-электрлі локомотив қоямыз. «Энергия біздің табиғатымызда» - бұл біздің тұжырымдамамыз.

 

ЕХРО-2017 көрмесінде Латвия өзін Батыс пен Шығыстың көпірі ретінде көрсетпек. Үш айлық көрме барысында әр апта сайын көлік пен логистикадан бастап білім, медицина, интернет-технология, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты экономиканың әр саласын паш етпек.

 

ЯНЫС ЭНДЗИНЬШ, ЛАТВИЯНЫҢ ЕХРО-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ КОМИССАРЫ:

 - Әр апта сайын көрмеге қатысушылар өздерінің ерекше бір дайындаған шарасын көрсетеді. Біздің жоспарлауымызша оған түрлі өнеркәсіптен 50-ге жуық өкіл қатысады. Олар да өздерінің тың өнімдерін ұсынады. 

 

Латвияның көрмеге жұмсалатын шығыны 1 миллион еуроны құрап отыр. Мұнда өндіріс ошақтары өздерін жарнамалап қана қоймай, Қазақстандағы сауда миссиясына қатысуға мүмкіндік алады.

 

АНСИС ЭГЛЕ, ЛАТВИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің Қазақстанмен сауда балансымыз 100 миллион еуроға жеткен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ол жылына 15 пайызға өсіп отыр. Менің ойымша бұл көрме екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынастың дамуына оң ықпалын тигізеді.

 

Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша көрмедегі Латвия павильонын шараға келген барлық қонақтың 10 пайызы немесе шамамен 200 мың адам көреді. Халқының саны 2 миллион ғана болатын ел үшін бұл үлкен көрсеткіш. Ал 9-шы шілдеде Латвияның ұлттық мейрамы кезінде көрме қонақтарына ауқымды мәдени бағдарлама ұсынылмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер