Халықаралық мамандандырылған Астана ЕХРО көшпелі павильоны Лондонға жетті. Келушілерге Қазақстан туралы, оның астанасы және аймақтары жайлы толық ақпарат беретін көптеген интерактивті бөліктерден құралады және мамандандырылған көрмемен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

3D көзілдірік арқылы ЕХРО-2017 нысандарының үш өлшемді бейнесін көктен бақылауға болады. Швейцариядан келген саяхатшы Мария Луиза - көшпелі ЕХРО павильонының ең алғашқы қонағы. Ол бұл күні көрме нысандарының алдында суретке түсіп, сол мезетте электронды поштасына жіберуге де мүмкіндік алды.

 

МАРИЯ ЛУИЗА, САЯХАТШЫ /ШВЕЙЦАРИЯ/:

 - Мен әзірге елдеріңізде болмадым. Бірақ көрген-білгенімнен кейін Қазақстанға барғым келіп кетті.  

 

Лондон саяхатшылар көп қыдыратын қала болғандықтан, ал павильон Ұлыбританияның қақ ортасында - Вестминстер Аббаттығы, Парламент және Биг Бен жанында орналасқандықтан, бұл күні шетелдік қонақтардың қарасы көп болды.

 

МАРКО ОЙСНЕК, САЯХАТШЫ /ГЕРМАНИЯ/:

 - БигБенге барар жолда осы павильонды көріп кіргіміз келді. 3D кинотеатрдағы көрініске тәнті болдық. Қазақстан жайлы көп мағлұмат алдық.

 

МАРКУС РЕГОХО, САЯХАТШЫ /ПОРТУГАЛИЯ/:

 - Қазақстанның экология туралы және адамзат болашағы жайлы алаңдап отырғаны құптарлық жәйт. Мен өте қуаныштымын.

 

Жақсылықты көрмек үшін мұнда ЕХРО-2017 көрмесіндегі британ павильонының басшылығы да келді. Ресми өкілдер жұмыстарын ысырып қойып, қос дөңгелекті көлік айдады. Кімнің жүйрік велошабандоз екендігін анықтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшпелі керуен Еуропа елдерінің бірқатарын - Испания, Италия, Швейцария және Францияны аралаған. Ал Ұлыбританияның тарихи ерекшелігі бар, дейді олар.

 

ФЛОРИАН БЕРЕНД, «EXPO-КЕРУЕН» ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Лондонда болу біз үшін үлкен абырой. Өйткені мұнда 1851 жылы ЕХРО жобасы дүниеге келіп өткізілді. Қазақстанды әлем астанасында таныту біз үшін үлкен бақыт.

 

Лондоннан кейін керуен Голландия көрермендерін ақпараттандырып, Финляндияда саяхатын аяқтамақ. Еуросапардың мақсаты – халықты ЕХРО көрмесіне ғана емес, табиғи және географиялық бітімі бөлек Қазақстанға шақыру.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер