Қазақстан бүгінде баламалы қуат көздерін дамытуға ден қойған. Еліміздің әр аймағында географиялық және климаттық ерекшеліктеріне сай «жасыл» энергетика жобаларын тиімді іске асыруға мүмкіндік бар. Мысалы, Алматы облысында баламалы қуат өндіруге арналған 28 жоба жүзеге асуы тиіс. Бүгінде соның тең жартысы іске қосылды. Аймақта ГЭС-термен қоса, желден және күн көзінен қуат өндіретін шағын станциялар жұмыс істеп тұр. Соның үшеуі Қапшағай қаласының іргесіндегі Шеңгелді сілемінде орналасқан. Бұл – жел энергетикасын дамытуға өте қолайлы жер. Екі станцияның бірі 5 генераторлы мұнарадан тұрса, екіншісіне 7 жел мұнарасы орнатылған. Болашақта олардың саны 4-5 есеге дейін өседі деп жоспарланып отыр.

 

ЖАНДОС ТҰРЫСБЕКОВ, ҚАПШАҒАЙ Қ. КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Жел электр станциясы 7 нүктеде осындай құрылғының отызын қою жоспарда. Оның жалпы құны 6-7 млрд теңге болатын үлкен жоба.

 

Қапшағайда күн электр станциясы да жұмыс істеп тұр. Жалпы аумағы 6 гектар жерге монокристалды панельдер орнатылған. Соның 30 пайызы –  автоматты түрде басқарылса, қалғаны стационарлық батареялар. Алматы облысында алдағы екі жылда осындай 4 электр станциясы іске қосылады.

 

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Тағы да біз 250 МВт өзеннен ағатын суларға кіші ГЭС-тарды салсақ, содан алуға бізде мүмкіндігіміз бар. Содан кейін тағы Шелек дәлізі қатты жел соғатын жерлер, Жоңғар қақпасына инвесторлар келіп, солармен жұмыс істейін деп жатырмыз.

 

Алматы облысында баламалы қуат көзінің барлық түрін өндіруге болады. Жетісу жерінде 2025 жылға дейін қуаты 900 МВт жететін 35 «жасыл» жоба жүзеге асырылмақшы. Айта кетейік, Алматы облысы жылына 600 МВт электр қуатын тұтынады. Талдықорғаннан қуаты 500 МВт жылу электр станциясы салынатынын ескерсек, облыс алдағы 2-3 жылдың ішінде энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер