Өскеменде алғашқы роботтандырылған операция жасалды - Kazakh TV

Елімізде алғашқы роботтандырылған операция жасалды. Италиялық профессор, бірегей жабдықтың авторы Стефано Джидаро робот-хирург құрылғысын пайдаланып, күрделі хирургиялық операция жасады. Бұл механикалық құрылғы дәрігердің іс-әрекетін мүлт етпей, бұлжытпай орындайды. Осы орайда елімізде емдеудің инновациялық технологияларын жүйелендіру көзделіп отыр.

СТЕФАНО ДЖИДАРО, ЖАЛПЫ ХИРУРГИЯ МЕН УРОЛОГИЯ САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ /ИТАЛИЯ/:

 - Мен дәрігерлердің қырағылығы мен кәсібилігін ерекше атап өткім келеді. Осындай операцияны жасауға атсалысқан дәрігерлер кейін өздігінен бұл оперцияны сәтті жасай алатынына 100 пайыз сенімдімін.

Елімізде медицина дамып келеді. Мұндағы медицина қызметкерлеріне Стефано Джидаро роботтандырылған хирургиялық құрылғының барлық қыр-сырын үйретіп жатыр. Биыл біздің елдегі хирургтар осы аппаратпен 500-ге жуық операция жасауы керек. Осы ретте төрт маман Миланда екі апталық курстан өтті, тағы төртеуі кәсіби біліктілігін арттырмақ.

ӘДІЛ ШӨКЕБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ХИРУРГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұл операцияның жасалуы белгілі бір межеге дейін бізге беймәлім болды. Бастама жаман емес, енді Шығыс Қазақстанда хирургия саласы  дами түседі деп ойлаймын.

Келешекте бірегей технологияға негізделген мұндай операция қолжетімді болуы үшін Шығыс Қазақстандағы емдеу мекемелері қайта жабдықталмақ. Облыстық бюджеттен заманауи технологиялар үшін 24 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар бұл қаржы дәрігерлердің білікітілігін арттырып, жаңа технологияларды пайдалануды үйретуге де жұмсалмақ. Ал Өскемен қаласының техникалық университеті IT медицина маманын дайындайды.

НАТАЛЬЯ АРИНОВА, ӨСКЕМЕН ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Біз IT саласын меңгерген мамандар дайындау үшін арнайы білім беру бағдарламасын әзірлемекпіз. Бұл Қазақстанда қолға алынған алғашқы бағдарлама болады. Ол үшін Ресей, Германия, Жапония тағы басқа елдермен әріптестік орнатамыз.

Қазақстанда  алғаш рет жасалған роботехникалық операция сәтті өтті. Алдағы екі жылда нейрохирургия саласына да осындай жаңа технология енгізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, облыста робототехникалық хирургия орталығы ашылып, мамандар Алматы, Астана, Семей қалаларының емдеу мекемелерімен тығыз байланыс орнатпақ.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер