Ғылым әлемінде революциялық өнертабыс. Ұлыбританияда қазақстандық ғалым фармацевтика саласы үшін бірегей құрал жасап шығарды. Құрылғы әртүрлі дәрілік өнімдерді тестілеу тиімділігін ондаған есе арттырып, сәйкесінше шығын көлемін азайтады. Ғабит Нұрымбетовтың инновациялық жұмысына  деген қызығушылығы жоғары. Себебі қазақ ғалымының жаңалығына дейін бұл үдеріс қиын әрі қымбат болатын.

ҒАБИТ НҰРЫМБЕТОВ, ҒАЛЫМ-ӨНЕРТАПҚЫШ:

 - Мен оны ойлап тауып, суретін салдым. Сөйтіп өз ойларым туралы басшыма айтып бердім. Ол қолдап, көрейік деді. Біз оған тапсырыс беріп жасадық. Түпнұсқамен салыстырып едік 100 пайыз сәйкес келді. Яғни, өзгешеліктер мүлдем жоқ, бірақ анағұрлым нәтижелі.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей – инженерлік пластиктен тұратын химиялық тұрғыда берік келетін  диффузиялық ұяшықтар дәрілік өнімдерді тестілеу тиімділігін ондаған есе арттырады. Айта кетейік, британдық әріптестер отандасымыздың жобасына қолдау білдірді.

НАЙДЖЕЛ ДЭВИС, «MEDHERANT» ВЕНЧУРЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Ғабит – инженериядағы нағыз дарынды ғалым. Ол кез келген түйінді мәселені бітімі бөлек дүниелер ойлап табу арқылы тиімді шешуге тырысады. Біз Ғабиттің бұдан да ілгері басып, талай революциялық идеялардың авторы болатындығына сенімдіміз.

Ғабит өзінің болашағын тек Қазақстанмен байланыстырады. Ол қажетті деңгейде шетелдік тәжірибе жинап, отанына оралуды жоспарлап отыр. «Британиялық Уорик университетінде жинаған білімімнің жемісін көретін күн алыс емес. Ең алдымен отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға белсенді түрде кіріспекпін»,- дейді жас ғалым.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер