Денсаулық сақтау саласында тың әдістер сәтті қолданылуда. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда Орталық Азия елдері аймағында алғаш рет балалардың ішастар диализі технологиясы сәтті енгізілді. Оның арқасында өткір бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан бүлдіршіндердің бәрі бүгінде дін аман. Мамандар аймақтағы балалар нефрологиясы дамуының жаңа кезеңі дәл осы сәттен басталды деп отыр. Қазіргі таңда бұл әдіс Астанадағы ана мен бала заманауи медициналық орталығында белсенді қолданылуда.

ВЕНЕРА АЛТЫНОВА,  ҚР БАС ШТАТТАН ТЫС БАЛАЛАР  НЕФРОЛОГЫ:

 - Бүйректері ауырып мазалаған болса,  балаларды ата-аналары осы бөлімшеге әкеледі. Басқа жерге жібермейміз. Осында барлық себептерді анықтап, диагноз қоямыз. Кейін емдеуге кірісеміз. Яғни қажеттінің бәрін бала осы жерден алады. Қазіргі таңда сырқатты анықтап, емдеу үшін бұл ең тиімді шешім болып отыр.

Астанада сәтті енгізілген тиімді емдеу тәсілін отандық дәрігерлер ғана емес, Орталық Азия аймағындағы жетекші клиникалар да меңгермек. Мұның бәрін біртіндеп жүзеге асыру көзделуде.

ВЕНЕРА АЛТЫНОВА, ҚР БАС ШТАТТАН ТЫС БАЛАЛАР  НЕФРОЛОГЫ:

 - Мен соңғы 5-6 жылда Қырғызстанға жиі барып тұрамын. Ол жерде науқастарға қараймыз, дәрігерлерді оқытамыз, тәжірибе бөлісеміз. Мұның бәрі біртіндеп жемісін бере бастады. Былтыр қаңтар айында мен Тәжікстанның денсаулық сақтау министрінен шақырту алдым. Ол Тәжікстанда ішастар диализі әдісін енгізуге қолдау көрсетуімді сұраған. Шақырту бойынша Тәжікстанға барып, бір апталық шеберлік сағаттарын өткіздім.

Қазіргі таңда қанды тазартудың мұндай интракорпоралды тәсілін 63 бала қолданады. Дәрігерлердің айтуынша, олардың бәрі өз құрдастарымен бірдей өмір сүруде. Дегенмен кейбір жағдайларда мамандар донор ағзасын қоюға кеңес береді. Жаңа технологиялар мен орталықтың біліктілігі жоғары мамандарының арқасында балаларға бүйрек трансплантациялау бойынша 60-тан астам ота жасалған.Олардың бәрі барынша сәтті өтіпті.

ЛӘЙЛА АҚТАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Бір жыл бұрын менің балам Әлиханға бүйрек гипоплазиясы диагнозы қойылды. Дәрігерлер шұғыл түрде ағза алмастыру керек деді. 14 қыркүйек күні операция жасадық. Мен өзім донор болдым. Әр үш ай сайын тексеруден өтеміз. Өзімізді жақсы сезінеміз. 

Қазақстанда балалар трансплантологиясы бағдарламасы 2012 жылы енгізілген болатын. Бұдан соң еліміз Еуропа қоғамының трансплантология жөніндегі әріптес мемлекеттер қатарына енді. Өткен жылы нефрологтардың халықаралық қоғамының құрамына қосылды. Қазақстандық дәрігерлер ағзаны ауыстырудың жаңа тәсілдерін зерттеуде. Қан топтарына қарамастан балаларға кез келген адам донор бола алады. Отандық мамандар осының бәрі аймақтағы медицинаны жаңа деңгейге көтереріне сенімді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер