Отандық медицинаның жаңа белесі. Астанадағы ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында қан тобы сәйкес келмейтін донордың бауыры науқасқа алмастырылды. 56 жастағы ер адамға жиен інісінің бауырының бөлігі салынды. Операцияның мұндай түрі Қазақстан бойынша алғаш рет жасалып отыр. Шеберлік сағатын өткізуге Оңтүстік Кореядан осындай 80 операция өткізген профессор Кванг Вунг Ли келді.

КВАНГ ВУНГ ЛИ, СЕУЛ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ /КОРЕЯ/:

 - Оңтүстік Кореяда бауыр трансплантациясының 25 пайызында - осы қан тобы сәйкес келмейтін донордың органын салдық. Науқастың операция алдындағы жағдайы жақсы, сондықтан 1 айда жазылып кетуі тиіс.

ТОҚАН СҰЛТАНӘЛИЕВ, ҰЛТТЫҚ ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ХИРУРГІ:

 - Қан тобы сәйкес келмейтіндіктен, науқастың ағзасындағы арнайы антиденелерді жою қажет, сондықтан біз 3 рет плазмафорез жасадық. Болашақта осындай операцияларды көп жасайтын боламыз.

Трансплантацияның құны – 5 млн теңге. Басқа елдердегі бағасы 100 мың еуродан асады. Әлемде мұндай тәжірибе 7 жыл бұрын бастаған.

Бүгінде қазақстандық дәрігерлер үшін шетелдәк әріптестерімен тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыруға жағдай жасалған. Жақында ақтөбелік медицина мамандарына Израиль мен Польшадан келген әріптестері шеберлік сабағын өткізді. Жергілікті медицина орталығында 4 күн бойы науқастарға түрлі операция жасалды. Соның ішінде бүйректегі қатерлі ісікті лапороскопиялық әдіспен емдеу Ақтөбеде алғаш рет өткізілді.

ИОРАН ДЕККЕЛЬ, КАРМЕЛЬ ГОСПИТАЛІНІҢ УРОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ /ИЗРАИЛЬ/:

 - Бүйректі адам ағзасында қалдырып, қатерлі ісікті ғана алу операциясы Израильде сәтті жасалып жүр. Біздің ауруханада жылына шамамен 200 ота жасалады. Ақтөбеде де бұл тәжірибе сәтті болады деп ойлаймын. Ауруханалар арасындағы бұл әріптестік болашақта да сәтті жалғасын табарына сенімдімін.

Шетелдік мамандардың айтуынша, облыстық аурухана әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда кез-келген күрделі операцияны жасауға мүмкіндік бар. Айта кетейік, Ақтөбе облысында 3 жылдан бері трансплантологиялық операциялар сәтті жасалып жүр. Осы уақыт ішінде 30 бүйрек, 10 бауыр алмастырылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер