Қазақстандық ғалымдардың өнертабыстары әлемдік нарыққа шығуда. «Innodent» компаниясының инновациялық өнімі шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырып отыр. Ол балалар мен ересектерде тісжегіні бастапқы кезеңде жоюға арналған өнім. Дәстүрлі емдеу түрлерімен салыстырғанда тістің жылтыр қабығының қалпына келуіне жағдай жасайды. Былтыр инновация авторлары Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің грантын ұтып алған болатын. Қаражат автоматтандырылған қаптау желісін алуға жұмсалған. "Бұл өндіріс көлемін арттыруға жол ашты", - дейді жоба авторы. Дәрі-дәрмекті Қазақстанмен қатар, таяу шетелдердегі тіс емдеу клиникалары да қолдануда.  Енді үйде қолдануға арналған құралға сұраныс туындап отыр. Оның қндірісін жолға қою да жоспарда бар.

БАУЫРЖАН АЙТУОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Бұрғылаусыз, пломба салмай, регенерация жасауға мүмкіндік береді. Тіс эмалін дамытатын арнайы ақуыз бар амелогенин деген, біз сол ақуызды пептидті синтез арқылы басталған кариеске қойсақ, ол эмальді жаңартады.

2011 жылдан бері Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік мұндай 300-ден артық жобаны қаржыландырған. Жалпы сома - 12 млрд теңге. Қазіргі таңда олардың 60 пайызы аяқталып отыр. Агенттіктегілер жобаларды жүзеге асыру тиімділігі бөлінген қаражаттан 4 есеге асып түскенін айтады. Мұндай тиімділік шығарылған өнім көлемі, республикалық бюджетке бағытталған салықтық төлемдер, жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен болып отыр.

ӨМІРЖАН ТӘШІМОВ, «ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ең бастысы, инфокоммуникация саласы, машина жасау химия және құрылыс, металлургия. Бүгінгі таңда инновациялық грант бағдарламасы бойынша жаңа ережелер  қолдануға енгізілген. Ол бойынша грант сомасы ұлғайтылды. Коммерцализацияға 200 млн-ға дейін жетеді. Техникалық модернизация 400 млн теңге.

Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік лицензиялық келісім-шарт бойынша кәсіпорын шығынының 70 пайызын қаржыландырады. Немесе қажетті құрал-жабдықты сатып алуға жұмсалған соманың тең жартысы беріледі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер