Тәуелсіздік жылдары Қазақстан медицина саласын дамытуға басымдық берді. Сала үшін білікті мамандар даярланып, олар шетелдің ең үздік тәжірибесін меңгеріп, елге оралды. Бүгінде халықаралық деңгейде әрі қолжетімді қызмет көрсететін қазақстандық клиникаларға медициналық туристер жиі келеді. Солардың бірі – АҚШ азаматшасы Фарида Воркмэн. Алматы ауруханасында оған екі бірдей жүрек қан-тамырын шунттау операциясы жасалған. Айта кету керек, операция жұмыс істеп тұрған жүрекке жасалды.

ФАРИДА УОРКМЭН, ПАЦИЕНТ /АҚШ/:

 - Емдеу шараларын бастамас бұрын көптеген ақпараттарды оқып, Алматыны таңдадым. Себебі, бұл аурухана дәрігерлерінің тәжірибелері бар. Екіншіден, мұнда мені қолдайтын жақындарым көп. Сонымен қатар, осындай операцияны жасату АҚШ пен Кореяда екі есе қымбат.

Фарида – күрделі операция жасату үшін осы аурухананы таңдаған үшінші шетелдік азамат. Олардың мұнда келуінің басты себебі – жүрек пен қан тамырларына жасалатын операциялардың емделушінің денсаулығына зиян әкелмейтін әдістермен жасалуы.

ГАЙРАТЖАН ЯКУПОВ, КАРДИОХИРУРГ:

 - Біздің ауруханада ғана жұмыс істеп тұрған жүрекке операция жасалады. Және ол ерекше әдіспен жасалатындықтан, емделушілер операциядан кейін тез қалпына келеді.

Жергілікті дәрігерлердің біліктілігін одан әрі арттырып, шетелдің озық әдісін меңгеру үшін әлемнің ең үздік мамандарын елге шақырып, тәжірибе алмасуға жағдай жасалады. Жақында Шымкентте оңтүстіккореялық дәрігерлер транспланталогия саласындағы білімдерімен бөлісті.

КИМ ХЕН ЧОЛЬ, ГЕПАТОЛОГ-ТРАНСПЛАНТОЛОГ, ПРОФЕССОР /ОҢТҮСТІК КОРЕЯ/:

 - Қазақстанда медицина саласы қарқынды дамып келеді. Жетістіктері де көп. Бір кездері Корея елі де денсаулық саласын жақсарту үшін өзгелерден көп нәрсені үйренді. Енді сол тәжірибемізбен біз де бөлісіп жатырмыз. Бұл, жалпы, екіжақты әріптестік болғанымен әлемдік медицинаның дамуына ықпал етеді деп ойлаймын.

МҰҚАН ЕГІЗБАЕВ, ОҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Келесі айда жоспар бойынша Латвия мемлекетінен 6 дәрігер келіп облыстағы мамандармен тәжірибе алмасатын болады. Жыл соңына дейін біз Израиль мемлекетіне бірқатар бас дәрігерлерді тәжірибеге жібермекшіміз. Біз егер шетел медицинасын үйренетін болсақ олармен іс-тәжірибе жиі-жиі алмасып тұратын болсақ онда біздің дәрігерлердің де сапасы артады деген ойдамын.

Екіжақты меморандум аясында жыл басынан бері облыстан 6 маман мен 20 бас дәрігер Кореядағы ең үздік медициналық мекемелердің бірінде біліктілігін шыңдап қайтқан. Келесі жылдан бастап, бөлім меңгерушілері мен аға медбикелер шетелге жіберілмек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер