Осыдан 5 жыл бұрын Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық дәрігерлері алғаш рет жүрек алмастыру операциясын жүргізді. Донордың жүрегі Жәнібек Оспановқа ауыстырылып салынды. Бүгінде ол толыққанды спортпен айналыса алады.

ЖӘНІБЕК ОСПАНОВ:

- Әрине кез-келген операция кезінде қауіп-қатер болады. Мен ауру жүрекпен ең көп дегенде жарты жыл ғана өмір сүрер едім. Қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Спортпен айналысамын. 1 ай бұрын Испанияға барып, трансплантация жасалған адамдар арасындағы бүкіләлемдік спорттық ойындарға қатыстық. Алтын жүлдені олжалап қайттық. Бұл біздің Қазақстан медицинасының ең үлкен жетістігі деп ойлаймын.

Жәнібекке анасының жүрегін салуға келісім беріп, өзі қайғы жұтса да өзгеге жанашырлық танытқан Игорь «анамның жүрегі соғып тұр» дейді.

ИГОРЬ ВОРОТНИКОВ, ДОНОРДЫҢ ТУЫСЫ:

- Мен оны танымайтынмын. Дәрігерлер маған адамның өмірін сақтап қаласыз деп айтты. Мен көп ойланбастан келісімімді бердім. Бастысы өзге адамға өмір сүруге мүмкіндік беру қажет.

2012 жылдан бері елімізде 56 жүрек трансплантациясы жасалған. Ал жылына 200-ге жуық қазақстандық жүрек операциясына мұқтаж болады екен. Бүгінде донорлықты насихаттау аса маңызды, дейді дәрігерлер.

ЮРИЙ ПЯ, «ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ КАРДИОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Қазақстанда донор мәселесі дамып келеді. Мәселен біз трансплантация жасауды 2012 жылы бастадық. 2014-2015 жылдары осындай операциялардың саны 22-ге жетті. Ал, биыл 7 айда біз 15 трансплантация жасадық.

Дәл қазір елімізде 100-ден аса адам жүрек алмастыруды күтіп отыр. Ал, бұл орталықта жылына 200-ге дейін осындай операция түрлерін жасауға мүмкіндік бар. Яғни біздегі барлық қажеттілікті өтей алады. Бастысы донор табылса болғаны.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер