Ғылымның дамуы ел экономикасының әлеуетін көрсетеді. Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейінің оқушылары жасанды саусақ құрастырды. Балалар әуелі жасанды қолдың жобасын компьютерге салады. Сосын оны 3Д принтерінде құйып, кейін бөлшектерді бір-біріне қосып, жинайды. Ал протез қолдың білезік буынына бектіледі. Осылайша бұлшық еттің қозғалысымен саусақтар бүгіледі. Қазір оқушылар оның жетілдірілген түрін жасап жатыр.   

 

ӘЛІШЕР СМАҒҰЛОВ, ҚАЗАҚ-ТҮРІК ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

 - Қазіргі жасап жатқан қол ол бұдан да жақсы болады және ол кішкене басқа тәсілмен жасалған. Оған басқа материалдар керек және ол кәдімгі адамның саусақтарындай болады, әрі жақсы қозғалатын болады.

Оқушылар бұл өнертабыстарын «Бионика» бағдарламасы арқылы жүзеге асырған. Ал мектеп әкімішілігі алдағы уақытта балаларға «Қолданбалы нейрофизиология» курсын оқытуды да көздеп отыр. Мәскеулік ғалымдар онлайн жүйесінде дәріс оқиды. Сондай-ақ, лицейде жаңа зертхана ашу жоспарда.

 

ҚАЗЫБЕК ЕЛУБАЕВ, ҚАЗАҚ-ТҮРІК ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Алдағы уақытта осы механикалық жағдайда жұмыс істейтін протездердің нейромоделирование арқылы, кәдімгі мидың сигналдары арқылы қолдардың өзінен өзі жұмыс істеуін жасағымыз келеді. Алдағы уақытта осыған байланысты нейромоделист лабораториясын сатып аламыз, осымен жұмыс жасайтын боламыз.

Лицей ішінде қайырымдылық клубы жұмыс істейді. Келешекте оның мүшелері протезге мұқтаж жандарды іздеп тауып, жасанды саусақ сыйға тартпақшы. Ал дарынды жастар алғашқы өнертабыстарын тапсыратын баланы тапты. Оның екі саусағы ғана бар. Қазір протездың соңғы жұмыстары қалды. 

Ал талдықорғандық өнертапқыштардың құрылғысын өмірдің бірнеше саласында қолдануға болады.  Оқушылар өз күшімен квадрокоптер құрастырды. Оның су жаңасы  нарықта 500 мың теңгедей тұрады. Ал жас өнертапқыштар дәл сондай аппаратты тапсырыс бойынша 150 мың теңгеге жасап бере аламыз деп отыр. Ол гироскопты бейнекамерамен және GPS-пен жабдықталған. Ұшу бағыты түгел жазылатындықтан жоғалып кетеді деп қорықпайсыз. Құрастырушылар оны геологиялық барлау, егіс алқаптарына әуеден химикаттар бүрку және іздестіру жұмыстарына пайдалануға болады дейді.

 

АЛЕКСАНДР ДАДОЧКИН, ӨНЕРТАПҚЫШ:

 - Ең бастысы, өз қолымызбен жасаған бұл аппараттардың адамдарға пайдасы тиюі тиіс. Оны ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде егін шаруашылығында кеңінен қолдануға болады. Қазір егіс алқаптарын дәрілеуге арналған аппарат құрастырып жатырмыз. Алматы облысы – аграрлы аймақ. Сондықтан алдағы уақытта фермерлерден тапсырыс көптеп түседі деген үміттеміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер