Қазақстандағы медициналық туризм шетелдіктер арасында сұранысқа ие. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2016 жылы жергілікті мекемелерде бес мыңнан аса шетелдік пациент ем-дом қабылдапты. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 25 пайызға көп. Қазақстандық дәрігерлерге өз денсаулықтарын сеніп тапсырғандардың қатарында Түркия, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Корея, Қытай және т.б. мемлекеттердің азаматтары бар. Мысалы, еліміздің ірі мегаполисі Алматыда былтыр 1 жарым мыңға жуық шетелдік азаматына медициналық ем көрсетілді. Олар көбіне гинекология, урология, травматология және бет-жақ хирургиясы мамандарының көмегіне жүгінген.

 

НҰРЖАН ИСАБЕКОВ, АЛМАТЫ Қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Туристер негізінен Ауғанстан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келеді. Бұл шұғыл түрде түскен пациенттер емес. Олар осында ем алу үшін мақсатты түрде келген. Қаралатын клиниканы және дәрігерлерді өздері таңдағандар.

 

Қазақстандық медицина саласындағы жетістіктер Батыста қол жеткізілген жетістіктермен теңдей. Бүгінде мамандарымыз әлемнің үздік мекемелерінде біліктіліктерін шыңдап, үйренгендерін елімізде ендіруде. Осы ретте қазақстандық кардиологтардың табыстарын айта кетпеуге болмас. Мәселен, отандық дәрігерлер былтыр бүлдіршіндердің жүрегіне жасалатын отаның жаңа әдісін меңгерген. Оның артықшылығы – бұрынғыдай жүректі тоқтатып, баланы жасанды қан айдау аппаратына жалғаудың қажеті жоқ. Кеуде тұсын 2 сантиметр ғана тіліп, бала дүниеге келген кезде өздігінен жабылмай қалған жүрек тесігін бітейді. «Емнің бұл түрі адам өміріне аса қауіпті емес»,-дейді ақ халаттылар.

 

ШУХРАТ МАРАСУЛОВ «ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ» АҚ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл әдіс бізге ұнады. Емдеу кезінде қиындық болған жоқ. Операцияның ертесіне балалар өзін жақсы сезіне бастайды. Тез жазылып кетеді. Бастысы сәбидің сүйек құрылымына зақым келмейді. Әрине кез-келген операция үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қалт кетсең, баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін.

 

Мұндай операция елімізде 3 клиникада ғана жасалады. Әдісті былтыр қолға алған дәрігерлер 1 жылда 55 нәрестені емдеген, оның 40-ы Астанадағы ұлттық ғылыми медицина орталығында жасалған. Тың әдісті отандық мамандар қытайлық әріптестерінен үйренген.

 

ШУХРАТ МАРАСУЛОВ «ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ» АҚ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

- Әріптесіміз екеуміз Қытайға барып үйрендік. Шеберлік сағаттарын өткізу үшін тәжірибелі дәрігерді осында шақырдық. Себебі, бұл әдіс Қытайда кеңінен қолданылады. Олар жылына мыңдаған операция жасайды. Қазір арнайы тәжірибеден өткен екі бригадамыз бар. Мұндай ем шараларын тек өзіміздің орталықта жасаймыз. Өңірлерге барып осындай операцияға мұқтаж балаларды іріктеп, өзімізге шақырамыз.

 

Бұл сәбиге күні кеше ғана операция жасалды. Ем-дом сәтті өтті. Сәби жүрегі соғып тұр.

 

АНТОНИНА ВАСЕНЬКО, ПАЦИЕНТТІҢ АНАСЫ:

- Қызым 1 жасқа толған кезде бізге операция жасау керек деп айтты. 10 күн ішінде тиісті анализдерді тапсырып, оның қорытындысын алдық. Квота аштырып бірден осында келдік. Операция жасады. Қазір қызым өзін тәуір сезінеді, тамаққа тәбеті де жақсы.

 

Отаның дәл осы түрін тиісті диагнозы бар 5 айлық баладан бастап, ересектерге де жасауға болады. Әйтсе де, жүректегі ақаудың кез келген түрін бұл әдіспен емдеп шығу мүмкін емес. Дәрігерлер сырқаттың түріне қарай түрлі тәсілдер қолданады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер