Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтында әскери дәрігерлерді дайындайтын бөлім ашылды. Биылғы оқу жылына 43 курсант қабылданды. Олар теориялық білімді медицина университетінің базасында алады. Ал, әскери өмірдің қыр-сырын институт қабырғасында үйренеді. Әскери медицина мамандары 5 жыл оқиды.

 

Арайлым ЕСІМБЕТОВА КУРСАНТТЫҢ АНАСЫ:

Әрбір курсант үшін ерекше сәт. Әрбір ер азамат елге, жерге қорған болуы басты міндет. Сол міндетті атқарамыз деп үмітпен келген балаларымыз әке-шешенің үмітін ақтап, осы жерден бір-бір офицер болып,Егеменді еліміз үшін қызмет ететініне сенімдіміз.

 

Әуе қорғаныс күштері әскери институтында білім алғысы келетін жастардың қатары көп. Жыл сайын бір орынға 3-4 үміткер болады. Биыл барлық бөлімге 171 курсант қабылданды. Соңғы 20 жылда 1700 авиация офицерін дайындап шығарған. Жоғары білікті инженерлер мен ұшқыштары еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүр.

 

Қуанышбай  БЕРЕКЕБАЕВ,  ИНСТИТУТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді біздің оқу орнында әскери медицина мамандары дайындалады. Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетімен арнайы меморандумға қол қойдық. Сол бойынша, екі жақ бірігіп, білікті мамандар дайындауға күш саламыз.

 

Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымы шеңберінде  институтқа шетелдік курсанттар да қабылданады. Арнайы бағдарлама бойынша оқыту 3 жыл бұрын басталды. Қазір Қырғызстан мен Тәжікстан елінен 12 курсант білім алып жатыр. 

 

 

 

Сурет: fotoprom.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер