«ЭКСПО-2017» ізбасары – Халықаралық жасыл технологиялар орталығы Астана экономикалық форумында таныстырылмақ. Мамырдың 17 күні «Жасыл экономика: тұрақты дамудың жаңа моделі» панельдік сессиясы барысында таныстыру жоспарлануда. Форумда Азия мен Еуропа елдерінің экология және инновациялар саласындағы әріптестігінің басым бағыттары талқыланатын болады. Шақырылған спикерлердің арасында белгілі сарапшылар, саясаткерлер, ғалымдар мен Нобель сыйлығының лауреаттары бар. Сондай-ақ жиынға Оңтүстік Корея, Жапония, Дания сынды елдердің үздік жасыл технологиялар орталықтары қатыспақ. Панельдік сессия қорытындысы бойынша Халықаралық жасыл технологиялар орталығы мен «Жасыл» дамудың жаһандық институты, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік және Климаттық технологиялар орталығы арасында меморандумға қол қою жоспарланған. Оның аясында институттардың ынтымақтастығы нығаймақ.

САЛТАНАТ РАХЫМБЕКОВА, ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Меморандумда білім, ақпарат және технология алмасу мәселелері қарастырылмақ. Өйткені бізге технологиялар трансфертін жүзеге асыру өте маңызды. Бұл үшін қазіргі замандағы үздік технологиялардан хабардар болу керек. Өнертапқыштар мен әлемдік институттар бұл технологияларды бізге қандай талаптармен беруге әзір екендігін байқап көрмекпіз.

Алдағы форумның күн тәртібіне энергия үнемдейтін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына өту, энергия алудың жаңа технологиялары сынды мәселелер енген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумды өткізу елімізге жасыл инвестициялар тартуға септігін тигізбек. Халықаралық жасыл технологиялар орталығы инвесторларға барлық жағдай жасайтын болады.

РУСЛАН ДАЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Астана экономикалық форумы – шетелдік инвесторларды тартатын алаң. Ол әлемнің жетекші бизнесмендерінің Қазақстандағы кездесетін орны. Форумға Еуропа, Азия мен Американың белгілі банктерінің өкілдері келмек. Өз капиталдарын сәтті инвестициялауды көздейтін ірі инвесторлар мен трансұлттық компаниялар жиналады. Сондықтан бұл форум Қазақстанның мүмкіндіктерін таныстыру үшін аса қажет.

САЛТАНАТ РАХЫМБЕКОВА, ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Біздің алдымызда 2050 жылға дейін энергобаланстың 50 пайызын жаңартылатын энергия көздері арқылы алу міндеті тұр. Бұл ең алдымен шетелдік инвесторларды тартуға басымдылық беріледі деген сөз.

Астана экономикалық форумы – әлемдегі түйткілді мәселелерді талқылауға арналған беделді алаң. Ол тәжірибе алмасудың арқасында жасыл энергетика саласында тиімді шешімдерді табуға жол ашпақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер