Халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы: Инновациялық идеяларды жүзеге асыру

Инновацияға инвестиция. Халықаралық «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы ЕХРО көрмесінде іріктеп алынған инновациялық идеяларды жүзеге асыруды қолға алмақ. Әлеуетті демеушілерге 100-ден астам жаңашыл жоба ұсынылған. ЕХРО қалашығында орын тепкен орталық олардың нақты іске асуына жан-жақты қолдау көрсетпек.

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА, ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

 - Орталықтың басты міндеті – «жасыл» технологияларды дамыту бағытындағы идеяларды жинақтау, олардың трансфертін қамтамасыз ету, «жасыл» технология саласында болып жатқан жаңалықтар ортаға салынатын алаң құру. Мұның бәрі Қазақстанға Париждегі Климаттық Келісім шеңберіндегі міндеттерді орындауға мүмкіндік беріледі.

Жасыл технологияларды дамыту орталығы Қазақстанның жеті өңірінде жұмыс істейді. Мысалы, Ақмола облысындағы Арнасай ауылының мектебінде отын үнемдейтін пеш пен диодтық шамдар, күн панельдері мен коллекторлар, сенсорлық крандар мен су тазартатын сүзгілер орнатылды. Осы технологиялардың арқасында жылына 3 млн теңге жергілікті бюджет қаржысын үнемдеп отыр. Ал Қостанай облысындағы демалыс орны күн панельдері мен жел генераторларын іске қосып, электр энергиясына жұмсалатын шығынды азайтқан.

ГАЛИНА ШНАЙДЕР, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бүгінде 6 киловатт электр энергиясын алып отырмыз. Бұл бізге жеткілікті. Олар смарт жүйесі сияқты жұмыс істейді.  Айына 100 мың теңге үнемдейміз. Ал жел мен күн жеткіліксіз болғанда дәстүрлі электр энергиясын пайдаланамыз.

Алдағы уақытта коалиция еліміздің барлық өңірінде жасыл технологиялар орталығын ашуды жоспарлап отыр. Үздік инновациялық жобаларды ендіруге бизнес те, жергілікті билік те құлшыныс танытуда.