Елордадағы халықаралық жасыл технологиялар орталығы Орталық Азия елдерінде баламалы қуат көздерін дамыту көкжиегін кеңейте түспек. Мамандардың айтуынша, иновациялық бастамалардың ендірілуі және трансферті, халықаралық сараптама жүргізу тәртібін еңгізу мен қаржы сұрақтары бойынша кеңес берудің еселенуі аймақтағы жасыл экономика саясатына қатысты жобалардың қарқын алуына сеп болады. Айта кетейік, халықаралық орталық «Астана ЭКСПО-2017» алаңының үздік тәжірибелер аумағында орналасатын болады.

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ G-GLOBAL-ДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

 - Халықаралық жасыл технологиялар орталығының құрылуы «ЭКСПО» тарихындағы ең жарқын оқиға болмақ. Ол Елордадағы көрменің баламалы қуат көздерін дамыту ойын жалғастырады. Бүгінде жаһан жұртын толғандырып жүрген басты мәселелердің бірі ол климаттың күрт өзгеруі екені анық. Бұл әр елдің экологиялық саясатындағы түйткілді мәселе. Сондықтан бұл бастаманың жемісін бәріміз көретін боламыз.

Алдағы жылдың сәуір айының 29-нан қазанның 7-сі күндері аралығында Бейжіңде ЭКСПО-2019 мамандандырылған көрмесі өтеді. Онда Орталық Азия мемлекеттері «Жасыл өмір – Үздік өмір» тақырыбына сай бар әлеуетін танытуды жоспарлап отыр. Мәселен, Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы мен ботаникалық бақ төңірегіндегі жетістіктерімен бөлісетін болады. Көрме бағбандық саланың  инновациялары бойынша әлемнің үздік деген жобаларын жияды деп көзделуде. Сарапшылардың пайымдауынша, шараға Орталық Азия елдерінің қатысуы аймақтың агро өнеркәсіптік кешеніне жаңа технологиялар мен шетел инвестициясын тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер