Тараздық оқушылар күн көзінен қуат алатын эко-үйдің жобасын жасады - Kazakh TV

Қазақстанның баламалы энергия көздерін пайдалану әлеуеті инновациялық жобалардың жүзеге асуына сеп. Жаңартылған энергия көздері саласында тың жобаларды әзірлеумен тәжірибелі ғалымдармен қатар, жас өнертапқыштар да айналысуда. Жамбылдық оқушылар күн көзінен қуат алатын дербес үйдің жобасын жасады. Ол дала, шөлейтті және таулы аудандарға бейімделген. Шағын үлгідегі ғимарат энергияны күн мен желден алады және онда жаңбыр суын жинау қондырғысы орнатылған. Арнайы жабдықтардың жұмысы қоршаған ортаға зиян келтірмейді, әрі үйді  шығынсыз жылытады.

НҰРТІЛЕУ АМАНКЕЛДІ, ОҚУШЫ:

 - Қыста күн сәулесі аз түсетіндіктен, күн энергиясын жел генераторы толықтыратын болады. Ал жиналған жаңбыр суын ішуге емес, тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға болады. Оңтүстік жағына инертті газ - криптонмен толтырылған үш қабатты терезелер орнатылады. Ол жылуды сыртқа шығармайды.

Оқушылар бұл жобамен бір жарым жыл айналысқан. Олар баламалы энергия көздерін қолдану саласында әлемдік тәжірибені өз беттерінше зерттеген. Эко-үйдегі жабдықтарды қашықтықтан арнайы пультпен басқаруға болады. Жас ғалымдар макет жасаумен шектелмей, мұндай үйдің құрылысына кететін қаржы көлемін де есептеп шығарған.

ЕГОР ДУЛЯ, ОҚУШЫ:

 - Мұндағы барлық материалдардың құнын есептеп шығардық. Сондай-ақ энергия жүйесінің барлық компоненттерін санадық. Мысалы, үйге 24 панель, 16 аккумулятор, 1 инвертор, 1 контрОллер керек. Осы жүйені орнатыға 2 млн теңге қажет.

Жас ғалымдар экологиялық таза әрі шығынсыз тұрғын үйдің бұл жобасы келешекте нақты жүзеге асатынына үміттенеді. Бүгінде елімізде жаңартылған энергия көздерімен жұмыс істейтін 55 нысан бар. Ал 2020 жылдың соңына дейін жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын тағы да 52 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер