Орталық Азия: «Жасыл» экономиканы дамыту

Қазақстан «жасыл» экономика саласындағы тәжірибесімен Орталық Азия елдерімен бөлісуге ниетті. Аймақ елдерінің су инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы саласы мен елді-мекендердің жоспарлануы ұқсас. Сондықтан Қазақстанда сәтті жүзеге асқан жобаларды өзге де Орталық Азия елдерінде бейімдеуге болады,- дейді  Қазақстанның жасыл экономика моделіне көшуін қолдау» жобасының менеджері Гүлжамал Исаева.  

ГҮЛЖАМАЛ ИСАЕВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА МОДЕЛІНЕ КӨШУІН ҚОЛДАУ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығымен бірлесе шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен жобалаушыларды «жасыл» экономика саласындағы нысандарды көруге шақырмақпыз. Ол үшін біздің пилоттық жобаларымыздың технологиялық процесін толықтай көрсететін  4 білім модулі әзірленді. Яғни экономикалық есептер, жобалық-сметалық құжат дайындау сынды жұмыстармен таныстырамыз. Бұдан соң Орталық Азия елдерінен келген мамандар бұл жобаларды өз елдеріне бейімдеп, жүзеге асыра алады.

Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің мамандары елімізге сәуір және тамыз айлары аралығында келіп, жобалармен танысады деп күтілуде. Көршілес елдердің мамандарына қаржылық тұрғыдан толықтай ақталатын жобалар көрсетілмек. Іске асқан жобалардың орташа құны 600-700 мың еуро шамасында. Олар 2-4 жыл аралығында толықтай ақталады.

ГҮЛЖАМАЛ ИСАЕВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА МОДЕЛІНЕ КӨШУІН ҚОЛДАУ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Жобаның басты идеясы – су секторында  жасыл экономика моделін қолдану тәжірибесін көрсету. Мұндай 4 модель әзірленді. Қазіргі таңда нысандар құрылысын аяқтап жатырмыз. Бірінші нысан Алматы маңындағы елді-мекенде орналасқан. Ол жерде тренаждық желі салынбақ. Осының арқасында жер асты суларының деңгейін төмендетіп, елді-мекенді тасқыннан қорғауға болады. Ал жер асты суы ауыл сыртындағы тоғанға шығарылады. 

Айту керек, Қазақстанның жасыл экономика моделіне көшуін қолдау» жобасы 2015 жылы басталған болатын. Оны Еуропалық одақ қаржыландыруда. 3 жылға жоспарланған жоба бюджеті – 7 млн еуро көлемінде.