Қазақстан-Жапония: «Жасыл энергия» саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Жапония жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тәжірибесімен алмасады. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаевтың Токио мен Осака қалаларына жасаған сапары барысында осындай уағдаластыққа қол жеткізілді. Сапар барысында қазақстандықтар энергия үнемдейтін кәсіпорындарды көрді. Жапония жел, күн қуатын айдалану бойынша әлемдегі үздік он елдің тізіміне кірмегенімен, 2016 жылы мұнда жел электр станцияларының саны екі есе өсті.

МАСАОМИ КОЯМА, ЖАПОНИЯНЫҢ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА АГЕНТТІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Салқындатқыш шығаратын компаниялар бар. Олар энергияны үнемдейтін өнім шығарса, сыйлықтармен марапатталады. Энергия үнемдейтін үйлер де бар. Мұндай тұрғын-жайларды сатып алушыларға мемлекет субсидия бөледі

ТОСИНОБУ КАТО, JICA ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Жапонияның электр энергиясын өндіруге арналған жоғары технологиялық панельдер өндірісі бойынша үлкен тәжірибесі бар және алғашқы өнімдері дайын. Сондай-ақ, күкірт-натрий батареяларын шығаратын жапон компаниялары да бар. Джайка Қазақстанда көптеген жобаларды жүзеге асырды және сіздердің елдеріңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үмітті.

Жапонияға жасаған сапар барысында қазақстандық делегацияға сутегімен жүретін машина таныстырылып, оның артықшылықтары көрсетілді. Мұндай көлік алты жүз елу километр жол жүруге қабілетті.

ЮКО САСАКИ, КОМПАНИЯ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Көлікті сутегімен толтыру уақыты - үш минут. Бензин құйғанмен бірдей. Қазір Жапонияда 2392 көлік осы сутегі отынымен қозғалады. Оларды қамтамасыз ететін 92 арнайы станция бар.

Жапония тарабы Астананың халықаралық шараларды ұйымдастыру тәжірибесіне қызығушылық танытты. Осака қаласы EXPO-2025 көрмесін өткізуге үміткер. Бұл орайда жапондықтар мамырда келіп ЕХРО нысандарын көрмек. Ал Рәпіл Жошыбаев күншығыстағы әріптестерін Астана экономикалық форумына қатысуға шақырды.

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСШЫСЫ:

 - Біз әлемдегі осындай орталықтарды осы форумға шақырғымыз келеді және, әрине, орталық басшыларының кездесуін ұйымдастыру жоспарымыз да бар.

Қазақстандық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мен Жапонияның энергияны сақтау орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға ниетті. Сондай-ақ, қазақстандық мамандардың күншығыс елінде тәжірибе жинақтауы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.