Елбасының жолдауында еліміз 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Қазақстанда соңғы уақытта қайта жаңартылатын энергетика нарығы жыл санап өсіп келеді. Атап айтар болсақ, 2017 жылы 1,1 млрд кВтсағ қуат өндірілген, бұл 2016 жылғы деңгейден 22 пайызға көп. Биыл баламалы энергетикада 1,7 млрд кВтсағ энергия өндіру көзделген. Сондай-ақ Үкімет үстіміздегі жылы жалпы қуаты 123 МВт болатын 10 нысанды іске қосуды жоспарлап отыр. Салаға инвестор қаржысын тарту да басты назарда. Мысалы, Батыс Қазақстандағы «Ақсай индустриялық паркі» еліміздегі 15 компаниямен өзара келісім жасап, шетелдік компаниямен бірлесіп күн батареяларының өндірісін бастады.

МАССИМИЛИАНО КАСТАНЬИНИ, ЖОБА БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Бұл – Қазақстан үшін жаңа технология. Келешекте оны жетілдіріп, жел турбинасы мен күн панелін біріктіру жоспарымыз бар. Яғни, ол бір уақытта екі қуат көзінен энергия өндіретін болады.

Осы Батыс Қазақстан өңірінің Бөрілі ауданында жақында жел электр стансиясы бой көтереді. Жалпы құны 40 млрд теңге болатын жобаға 100 гектар жер бөлініпті. Енді ол аумаққа голландиялық технологиямен  50 генератор орнатылмақ. 

АЛДИЯР ХАЛЕЛОВ, БҚО БӨРІЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Биылғы жылы олар ЖСҚ бәрін әзірлейді. 2019 жылы іске қосу, монтаж жұмыстарын жасайды. Яғни 2020 жылы толықтай іске қосады деп, меморандумға қол қойылды. Олар өздері экспертиза жасады, анализ алды, желдің бағытындағы бүкіл көрсеткіштерді алып, қарап, осы жерге салуға өздері ұйғарды.

«Жасыл» энергетика жобаларын дамыту әлеуеті зор тағы бір өңір - Алматы облысы. Мұнда баламалы қуат көздерін көбейтуге бағытталған арнайы бағдарлама жасалған. Кейінгі екі жылда 5 жоба іске асырылды. Солардың бірі - 28 мегаватт электр қуатын өндіретін Қора суэлектр станциясы. Пайдалануға берілгеніне бір айдан асты.

ВИТАЛИЙ БОРИСЕНКО, ҚОРА ГЭС-ІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Мұнда біздің операторымыз отырады. Бұны кәсіпорынның басқару орталығы деуге болады. ГЭС-ті жалғыз адам басқарады. Қалған жұмыстың барлығы автоматты түрде атқарылады. Экологиямыз өте таза. Қандай су алсақ, сондай суды өзенге қайта жібереміз.

Қазір облыста 20 шағын су-электр станциясы жұмыс істеп тұр. Өңірде жел мен күннен қуат өндіретін шағын станциялар салуға да ықылас артып отыр.  Алдағы екі жылдың ішінде 11 жел электр станциясы, 3 күн электр станциясы және 1 биоэлектр станциясы салынбақ.

НҰРЛАН ШАЯХМЕТОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Екінші этапы бойынша 2020-2025 жыл аралығында 46 нысан іске қосылатын болады. Оның 25-і ГЭС, 11-і жел электр станциясы және 10-ы күн электр станциясы болады.

Қазақстанның қайта жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері шетелдік ірі компанияларды қызықтырып отыр. Биылдан бастап жобаларды іріктеу барысында алғаш рет аукциондық механизм қолданыла бастайды. Бұл іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, экономикалық тиімді жобаларды таңдауға мүмкіндік бермек. Қазақстанның «жасыл» жобаларына қатысуға Сауд Арабиясы, Канада, АҚШ, Қытай елдерінің ірі компаниялары ықылас білдіріп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер