Ресейліктер «ЕХРО-2025» көрмесіне қандай тақырып ұсынбақ?

ЕХРО көрмесін сәтті өткізген Қазақстанның тәжірибесі ресейліктер үшін қызық. 2025 жылы халықаралық шараны қабылдаудан үміткер Ресей елі осы мәселеде бізден қолдау күтеді. Елордаға келген делегация мүшелері көрме тақырыбымен таныстырды. Олар «Келешекті әлемдік инновация арқылы жақсарту» деп аталатын шараны Азия мен Еуропаны жалғап тұрған Екатеринбург қаласында өткізбек. Кездесуде ресейліктер былтыр жазда ЕХРО көрмесін сәтті атқарған Қазақстаннан ұйымдастыру бойынша кеңес сұрап, жан-жақты талқылады. Айта кетейік, көрші ел халықаралық көрме өткізу ниетімен екінші мәрте бәйгеге қатысып отыр. Бұл жолы Екатеринбург Париж, Баку және Осака қалаларымен бәсекеге түседі. Қорытындысы биыл қарашада жарияланады.

ЕЛЕНА АСТРАХАНЦЕВА, РФ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Саяжолдар мен су бұрқақтар, сан алуан түске боялған сфера, барлығы өте әдемі. Қазақстан мен Ресей елдері арасында талай жылдарден бері келе жатқан достық қарым-қатынас бар. Әрдайым бір-бірін демеп, ортақ мәселелердің шешімін тауып келеміз. Бүгін 2025 жылы болатын халықаралық көрмені өткізуге үміткер ел ретінде жоспарымызбен таныстыруға келдік. Бізді қолдайсыздар деп үміттенеміз.

Екі жылдан кейін Дубайда өтетін ЕХРО көрмесінде де Қазақстан белсенділік танытпақ. Біздің еліміз ең үлкен павильондардың бірін салады. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елші Қайрат Лама Шарифтың айтуынша, қазақстандық экспозиция үш жарым мың шаршы метр аумақта орналасады. Сонымен қатар, дипломат ЕХРО-2020-ның жетістігі туралы қазірден айтуға болатынын атап өтті. Көрменің бас­талуына екі жыл бұрын оған 150 мемлекет ресми қатысуын растап, 38 мемлекет қатысу туралы келісімшартқа қол қойған. Қазақстан аталған шараға қатысу мә­се­лесіне зор мән береді және оның «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» атты тақырыбын қолдайды.