Биыл ЭКСПО-да таныстырылған 10 жоба өндіріске енгізіледі - Kazakh TV

Қуатты үнемдеуге арналған мұндай технологиялар елордада ЭКСПО көрмесінен кейін пилоттық жоба ретінде енгізіле бастады. Дені күн және жел энергиясымен жұмыс істейді. Қазақстан ғалымдарының халықаралық мамандандырылған көрмеде көпшілік назарына ұсынған тың жобаларын өндіріске енгізу бойынша энергетика министрлігі жанынан сарапшы топ құрылған болатын. Мұндағы мамандар елімізге тиімді деген жобаларды іріктеп алды.

БЕРІК ЕРБОСЫНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЭКСПО БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Олар ЭКСПО-да бір апта жұмыс жасап, елге тиімді деген жобалардың тізімін құрастырды. Шетелдік павильондардан 105 технология және ұлттық павильоннан 28 технологияны іріктеп алды. Қазіргі таңда біздің ақпарат бойынша әкімдіктер 40, ұлттық компаниялар 15 технологияны іріктеп алған. Соның ішінде ұлттық компаниялар екі жобаны 2018 жылы енгіземіз деп отыр.

Дегенмен ЭКСПО-да таныстырылған жобалардың өндіріске енгізілетіндерінің нақты саны әзірге белгісіз.  Биыл оннан астамы іске қосылса, қалғандарын тәжірибе жүзінде қолдану 2022 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.

МАҚСАТ ЕСМАҒҰЛОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Көрмеде көрсетілген үздік 8 технологияны таңдап алдық. Қазір оларды әкімдік қарамағындағы мекемелер қарастырып жатыр. Бұл бізге келеді ме? Әлде жоқ па? Сол жағы қарастырылып жатыр. Ол жұмыстар аяқталғаннан кейін біз оны қолданысқа енгізуге тырысамыз.

Биыл іске асырылатын жобалардың екеуін еліміздегі мұнай газ саласындағы  ұлттық компания қолға алған. Мұндағылар Словакия және Австрия елдерінің технологиясын пайдаланбақ ниетте. Атап айтсақ, энергия үнемдейтін эко-капсула мен «Sundrops» жылжымалы мобильді күн электр станциясы.

СЕРГЕЙ КОСТИН, ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - ЭКО-капсуланың сыртқы қабаты күн энергиясын ала алатын батареялармен жабдықталған. Яғни, шығын көп кетпейді. Ал ішінде бірқалыпты температура сақталынады және электр қуаты өндіріледі. Ал жылжымалы мобильді күн электр станциясын тоқ көзі жоқ жерде жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, өз нысандарымызда қуатты үнемдеуде пайдаланбақ ойдамыз.

Жоспар бойынша биыл облыстағы әкімдіктер таңдап алған 40 жобаның 4-уі қолданысқа енгізіледі. Оның екеуі Солтүстік Қазақстанда болса, тағы соншасы Қостанай өңірінде. Айта кетейік, бүгінде елімізде жалпы қуаттылығы 336 мегаватт болатын жаңартылған энергия көздерінің 50-ден астам нысаны жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың саны артпақ. Өйткені, 2030 жылға қарай Қазақстанда баламалы энергия үлесі 30 пайызға дейін жетуі керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер