Әзербайжан Республикасы «ЭКСПО –2025» шарасын өткізуге Халықаралық көрме бюросына өтініш берді. Бүгінде жаһандық шараға  Бакуден бөлек Ресейдің Екатеринбург, Жапонияның Осака қаласы бақталасып жатыр. Баку адами капиталды дамыту жобасын дайындауда. Бюро ұйымдастырған көрмеге Әзербайжан бірнеше жыл қатарынан қатысып келеді. Өткен жылы посткеңестік кеңістік елдері ішінде алғаш рет Астананың ЭКСПО мамандандырылған көрмесін сәтті өткізуі Әзербайжанның үміткерлер қатарынан табылуына түрткі болған.

ЭЛЬМАН НАСИРОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Қазақстан ауқымды ЭКСПО-2017 көрмесін табысты өткізді. Әзербайжан да көрмеге белсене ат салысты. Соған орай, біздің елдің павильоны медаль алды. Әзірбайжан ЭКСПО-2025 көрмесін өткізуге  үміткер екенін  есепке алсақ, бұл жағынан Қазақстанның тәжірибесі біздің елге пайдалы болары сөзсіз.

Егер Баку «ЭКСПО-2025» көрмесін ұйымдастыратын болса, осы жерде аумағы 200 гектар болатын  саябақ пайда болады.  Жоба бойынша  жасыл желек  мемлекеттік елтаңбаны бейнелейді. Алдағы наурыз айында жобаны  бағалайтын миссия Бакуге барады. Ал, қарашада Бюроның 164-ші Бас Ассамблеясында 170 мүше-мемлекет ЭКСПО-2025 көрмесін өткізетін елді таңдайды.

ГАДИ РАДЖАБЛИ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Бұл – әлемдегі ең беделді көрме, ол зияткерлікті, адам қабілетін көрсетеді. Әзірбайжанның ауқымды халықаралық шаралар өткізудегі тәжірибесі мол. Сондықтан мемлекет өз кандидатурасын сенімді түрде ұсынды. Әзірбайжан көрмені ойдағыдай өткізу үшін бар күш-жігерін салатыны анық.

Қазақстанда ұйымдастырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің сәтті өтуі өзге елдердің Халықаралық бюро орталығына өтініш беруіне түрткі болатынын сарапшылар бұған дейін де айтқан болатын. Солардың бірі - Қытай павильонының ұлттық комиссары Ван Цзинь Чжен Қазақстан пайдаланған креативті идеялар болашақта да өзектілігін жоймайтынына сенімді.

ВАН ЦЗИНЬ ЧЖЕН, ASTANA EXPO 2017 КӨРМЕСІНДЕГІ ҚЫТАЙ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КОМИССАРЫ:

 - Астана EXPO 2017 - энергияның жаңа түрлерін болашақта  дамытудың берік негізі. Оның креативті идеялары болашақта осы іспеттес шараларда терең зерттеледі. Көрме бүкіл әлем үшін олардың мүмкіндігін паш ететін платформа болды. Оған 100-ден астам ел қатысып, 3,5 миллионға жуық саяхатшылар келді. Астана оларға «Болашақтың энергиясының» не екенін көрсете алды. Саяхатшылар қарқынды өсіп-өркендеп келе жатқан Қазақстанның астанасынан керемет әсер алды. Бұл - табысқа жетелейтін жаңа қала!

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер