Орталық Азияда жасыл технологиялардың дамуы

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы жаһандық тұрақты дамуға үлес қосу. "Болашақ энергиясы"  «жасыл технологиялар» мен инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығына осындай міндет қойылып отыр. Ол «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аумағының үздік тәжірибелер аймағында орналасады деп күтілуде. Орталық биыл жазда жұмысқа кіріспек. Энергетика министрлігіндегілердің айтуынша, орталық қызметі, негізінен, Орталық Азия елдерімен байланысты болмақ.

АНАР БҰЛЖАНОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл орталықтың басты мақсаты – жасыл технологиялармен алмасу. Орталық Азия аймағында осыған ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Яғни орталық бірқатар ғылыми зерттеу жасап, жасыл технологиялар сараптамасын жүргізбек. Сондай-ақ әлем бойынша жасыл технологиялар мониторингі де жасалатын болады.

Халықаралық орталық басты жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін болады,-дейді министрлік өкілдері. Оның ішінде энергетика саласын трансформациялау, қаланың тұрақты дамуы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, «жасыл бизнес» пен қаржыландыруға ден қою және де жасыл технологиялар мен үздік тәжірибелерді елімізге бейімдеу болмақ. Бұдан бөлек, су ресурстары және қалдықтарды тиімді басқару мәселелері де қарастырылатын болады. Сарапшылардың айтуынша, «Болашақ энергиясы» орталығын ашу идеясы жан-жақты халықаралық қолдауға ие болып отыр. 

АНАР БҰЛЖАНОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мұндай халықаралық орталықтың ашылуын көптеген қаржы институттары қолдап отыр. Олардың арасында БҰҰ даму бағдарламасы, Еуропалық экономикалық комиссия, Еуропадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі ұйым, ЮНИДО сынды халықаралық ұйымдар бар.

Астанада «жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту » халықаралық  орталығын құру идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында көтерген болатын. Орталық түрлі халықаралық ұйымдармен жұмыс жүргізіп, ақпарат, білім және қаржы ресурстарын тартады деп күтілуде. Мұның бәрі Қазақстанда және барша Орталық Азия аймағында жасыл технологияларды дамытуды жеделдетуге жол ашпақ.