Абу Дабиде өткен 11-ші Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде «Астана ЭКСПО-2017»ҰК павильонын ашты

Қазақстанның жаңғыртылған энергия көздерін өндіруге қатысты ең озық жобалары әлем назарына ұсынылды. Абу Дабиде өткен 11-ші Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» атты саммитте «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының павильоны ашылды.  Жаһан көз тіккен шарада баламалы энергетика саласына қатысты сұрақтар талқыланып, әлемдегі соңғы үлгілермен танысып, елімізге шетелдік инвесторлар тартуға мүмкіндік мол. 20 елдің павильоны мен 650 компанияның экспоненті ұсынылған ауқымды шараға 26 мыңнан аса адам қатысты. Қазақстанға тиесілі павильонның жалпы аумағы 195 шаршы метрді құрады. Елімізден барған делегация баламалы энергия өндіруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қызықты жобалар туралы кеңінен таныстырды.

ГҮЛМИРА БАҚПАСОВА, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Біз елімізде іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, сондай-ақ жаңғыртылатын энергия көздері мен көлік-логистикалық инфрақұрылым бағытындағы жобаларды ұсындық. Қазақстан аталған саммитке жыл сайын қатысып келеді. Бұл өз кезегінде энергетика саласына инвестиция тартуға септігін тигізбек.

Елімізде баламалы энергия көздерін өндіруге арналған жобалар қарқын алып келеді. Биыл Маңғыстау облысында  жалпы қуаты 24 МВт болатын үш күн және жел электр станциясы іске қосылады. Аймақтың  жазы аптап ыстық, қысы жылы, күннің радиациясы жоғары. Ал мұнда жылдың  200 ден астам күнінде  жел соғып тұрады. Яғни, баламалы қуат көзін өндіруге аймақтың климаты қолайлы. Электр энергиясын 5 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін жобалар Түпқараған мен Мұнайлы ауданында салынып жатыр. Ал Шетпе елді мекеніндегінің құрылысы алдағы көктемде басталмақ. 

АЛТЫНБЕК ӘДІЛОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Егер «Жасыл энергиямен жарақтанған отандық құрылғылар» жемісін беріп, жоба сәтті шықса, өзге облыстарда да жүзеге асырамыз. Елімізде мұндай станцияларды көптеп салсақ, мұнай, газ бен көмірге деген тәуелділіктен арыламыз, қуат өндірісіне кететін шығынды азайтамыз.

Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылындағы күннен қуат алатын станцияның құрылысына елімізде өндірілетін күн панельдері қолданылып жатыр. Қуаты – 7 МВТ болатын алғашқы отандық электр станциясы наурызда іске қосылады. Ал Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылындағы жел электр станциясы Еуропадан әкелінген құрылғылармен құрастырылып жатыр.

САПАР АМАНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз енді одан кішкене жоғарылау 12 МВт күн сәулесінен алатын электр қуаттарын беретін үлкен станцияны қазір жобалап отырмыз. Аманшылық болса оны бастау керек биыл құрылыс жобаларын. Ол Маңғыстау ауданының Шетпе елді мекенінде қойылады 12 МВт. Енді ол 12 МВт аз зат емес, жалпы бір аудан орталығын жабуға да болады.

Мұндағы жобалар инвесторлардың қаржысына салынып жатыр. Елбасының Жолдауындағы «2050 жылға қарай энергияның кем дегенде жартысын жаңартылған қуат көздерінен алуымыз керек» дегенді ескерген облыс басшылары аталған межеге жету үшін барын салуда.