Елбасының Қазақстан халқына жолдауындағы 10 бағыттың бірі – ресурстық әлеуетті арттыру. Яғни, жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы, электр қуатын баламалы және жаңартылған энергия үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға жеткізу. Болжам бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға жетуі керек. Осы ретте, энергиялық тиімділікті арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асып жатыр. Бастама қазақстандық ғалымдар арасында қашан да қолдауға ие.

ТЫНЫС СҮЛЕЙМЕНОВ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ КӨЛІК-ЭНЕРГЕТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

 - Президенттің Жолдауында жақсы айтылған нәрсенің біреуі – жасыл энергияны дұрыс пайдалану. Ол - ауаға зиян болмау деген сөз. Факультетіміздегі «Теплоэнергетика» кафедрасында біз осындай мамандарды даярлаумен шұғылданып жатырмыз. Біздің профессорымыз Әлімғазин Алтай ЭКСПО 2017-ге қатысып, өзінің ғылыми жұмысын қойды. Ол кісінің жұмысын Көкшетаудың колледжіне кіргізіп жатқан жайымыз бар.

Елбасының жолдауы тек қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік тәжірибені меңгеріп, ізденіс жолында жүрген жырақтағы қазақтардың арасында да талқылауға түсті. Британиялық Уорик университетінің ғылыми паркінде жұмыс істейтін жас ғалым Ғабит Нұрымбетов маңызды мәлімдемедегі денсаулық сақтау туралы айтылған сөзге толықтай қосылады. Ол «Денсаулық сақтау ісі, халықаралық озық тәжірибе мен технологиялар арқылы ауруды ерте және уақытында анықтап, емдеуге бағытталуы тиіс», – дейді. 

ҒАБИТ НҰРЫМБЕТОВ, ҒАЛЫМ:

 - Мен жүз пайыз келісемін. Жаңа технологияларды пайдалану ауру түрлерін ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде науқас тез әрі ертерек ем алып, асқынған ауралардың саны кемиді.  Заманауи технологияларды және зерттеу тәсілдерін қолданбау нәтижесінде көбіне ауру асқынып, оны емдеуге келмейтін дәрежеге дейін жетіп жатады. Меніңше, әсіресе медицинада жаңа технологияларды пайдалану өте маңызды әрі қажет.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер