Өткен жылдың басты оқиғасы -  ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі еліміздің беделін арттырды. Қазақстанның тыныс-тіршілігін білсем, Астананы көрсем деушілердің саны артты. «Болашақтың энергиясы» деп аталған шара  жаһан назарын  балаламалы энергия көздерін тұтынуға аударды. Бұл қоршаған ортаға зиян келтіру мөлшерін азайтуға ықпал еткені анық» дейді, Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының депутаты Но Унг Рэ. Ол тақырыптың маңыздылығын алға тартып, өзінің үлкен мүмкіндіктерін көрсеткен біздің елге жоғары баға берді.   

НО УНГ РЭ, КОРЕЙ РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Менің ойымша Қазақстан мұнай, газ және пайдалы қазбаларға бай екеніне қарамастан, бұл елде жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды алға жылжыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Өйткені, оның аумағының жартысы күн батареяларын орнатуға жарамды және елу мыңнан астам шаршы метр аумақта жел энергиясын өндіру мүмкін. EXPO ұйымдастыруы құрылыс, инфрақұрылым мен инвестициялардың өсуіне алып келді және Астананың қарқынды дамуының  қозғаушы күшіне айналды. Қазбаға бай Қазақстанның және технологияларға бай  Оңтүстік Кореяның ынтымақтастығы үлкен синергияның әсеріне әкеледі.

ЭКСПО -2017 көрмесінің ең үлкен павильондарының бірі Оңтүстік Кореяға берілді. Бұл елдің өкілдері өздеріне тиесілі ауқымды кеңістікті барынша пайдаланып, энергетика саласындағы озық жобаларды ұсына білді. Сәйкесінше, таңғы самал елі ұсынған павильон ең көп тамашаланған нысандар қатарына енді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, көрме павильонын шамамен бес жүз алпыс мыңдай адам көрген. Осыны ескерген ел үкіметі халықаралық көрмеде кәріс павильонының жұмысын сәтті жүргізген мамандарды  марапаттады. Олардың ішінде, ғалымдар, дизайнерлер, студенттер бар. Айта кетейік, Халықаралық көрмелер бюросы Оңтүстік Корея павильонын «үздік дизайны үшін» қола медалімен марапаттаған болатын.

ПАК БЁН ДЖУН, ДИЗАЙНЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Егер «Астана Экспо»-ны Милан мен Шанхай көрмелерімен салыстырсақ, Қазақстандағы көрермендердің мінезі ашық. Бір нәрсеге қызықса көңілін жасырмай білдіреді. Ұйымдастырушылардың жақсы жұмысының арқасында Астанадағы көрме сәтті өтті. Компаниямыз қойылған міндеттерді сәтті орындағаны үшін сыйлыққа ие болды. Біз үкіметтің осындай бағасына ие болғанымызды мақтан тұтамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер