2017 жыл Қазақстанда жаңа технологиялар мен «болашақ энергиясын» дамыту ұранымен өтті. ТМД елдері ішінде еліміз бірінші боп ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ие болды. Астана үш айға 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысып, баламалы энергия өндірудің тың әдістері мен технологияларын таныстырған алып алаңға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 Қазақ елінің танымалдығын арттыра түскенін атап көрсетті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің ел Еуразия аймағындағы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде өзінің имиджін нығайтты. EXPO көрмесі  ғылымның, бизнестің және қоғамның нәтижелі әрекеттесуіне үлес қосты. Елдер мен халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің нығаюына септігін тигізді. Күллі әлем Қазақстанның бай және ерекше мәдениетімен таныс болды. Болашақтың энергиясы бүкіл адамзатты қызықтыратын жаһандық өзекті тақырыптарының бірі. Көрме осы саладағы озық идеялар мен технологияларға арналған символикалық көпірге айналды.

ЕХРО-ның мультипликативтік әсері елеулі болды. Халықаралық шара Қазақстанның экономикасын көтеріп, елімізде «жасыл технологияларды» дамытуға, баламалы қуат көздерін ашуға тың серпін берді. Елорда төрінде әлемнің ең озық технологияларды таныстырылып, ортаға түскен озық жобалар игеріліп, ел ішінде орта және шағын бизнес дами түсті. Отандық кәсіпорын басшылары  шетелдік инвесторлармен сенімді серіктестің орнату бағытында маңызды келіссөздер жүргізді. Туристік саланы өркендетуге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Көрмені әлімнің түкпір-түкпірінен 5 миллионға жуық турист келіп тамашалады.  Астана төріндегі халықаралық көрменің жоғарғы деңгейде өткізілгенін Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес жолдаған хат дәлелдей түседі.

ДИМИТРИЙ КЕРКЕНТЗЕС, ХКБ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл ұзақ жылдар бойғы EXPO-мен тығыз серіктестік қарым-қатынастың жемісті нәтижесі ғана емес, Президент және Қазақстан Үкіметімен орнатқан бекем байланыстың көрсеткіші. Біздің берік достығымыздың айғағы. Осындай құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамыз! Бұл Халықарылық көрмелер бюросы мен Қазақстанның ынтымақтастығындағы жаңа тараудың бастауы.

ЕХРО-2017 көрмесін өткізе отырып, Қазақстан шараға қатысушы елдердің арасында тәжірибелі, үлгі тұтарлық елге айналды. Сондай-ақ, технологиясы дамыған және заманауи жетілген мемлекет ретінде өзін танытты. Айтулы шара кезінде сәні мен салтанаты келіскен «Нұр Әлем» «Үздік тәжірибелер аймағы», арт-орталық, екі тақырыптық павильон, жасыл технологияларды дамыту орталығы мен технопарк ашылды. Бұл ғимараттардың барлығы ЕХРО мұрасы ретінде сақталып қана қоймай, Қазақстан халқының игілігіне қызмет етеді. Сондай-ақ, 2018 жылдың қаңтарынан бастап қалашық аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастайды.    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер