Экспо –туризмді дамыту

Шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. Биылғы ЕХРО халықаралық көрмесін тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келген болатын. Маусымның 10-ны күні басталып қыркүйектің 10-на дейін созылған халықаралық шараны шамамен 4 миллион адам тамашалапты. Оның 500 мыңға жуығы 187 елден келген шетелдік туристер еді. Әлемдік шараны ұйымдастыру арқылы еліміздегі ішкі туризмге деген сұранысты арттыра түстік.

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Жан-жақтан Қазақстанға ағылған туристер еліміздің, Астанамыздың қалай дамып жатқанын көрді. Біздің елде өмір сүру қауіпсіз, мұнда тұрақты жұмыс та бар. Елдің имиджіне айналған жоба арқылы біз бүгінгі Қазақстанды төрткүл дүниеге таныттық,өркениетке ұмтылған өр халық екенін тағы да дәлелдей түстік.  

115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым, 28 мемлекеттің басшысы Астанаға ат басын тіреді. Сонымен қатар, энергетика, құрылыс және инвестиция саласында Қазақстанның іскер топтарының қатысуымен 39 келісім жасалды.

 

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Энергетика министрлігі 100-ден астам жобаны қазір қалай Қазақстанда пайдалану керектігін ойластырып жатыр. Ол әрине біздің келешек, болашақта біздің экономикамызға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Салынған ғимараттар әрі қарай да жұмысын жалғастыра береді.

ЕХРО-2017 Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтерді. Өндіріс көлемі күрт еселеніп, туристік қызметтерге сұраныс 78 пайызға артты. Халықаралық мамандандырылған көрме арқылы мыңдаған ел жұмыс орындарын құрды. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висент Лоссарталес ұлттық жобаның нәтижелі болғанын, жоғары деңгейде ұйымдастырылып, сәтті өткенін атап өтті.  

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Мемлекет басшысына жолдаған хатында биылғы өткен көрмеге жоғары баға берді. Ол өз кезегінде бұл жобаның тәжірибесі алдағы көрмелерге қолданылатынын айтты. Бұл өте жоғары көрсеткіш.

Халықаралық көрме аясында әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЕХРО мұрасы бой көтерді. Ол – Ұлттық бас павильон ғимараты – «Нұр Әлем». Көрме барысында «Нұр әлемді» 1 млн 300 мың адам тамашалаған. Бүгінде бұл павильон өз жұмысын тоқтатпайды, ал келушілердің саны көбейіп келеді.

 

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мұндай нысан дүниежүзінде жоқ. Бірінші рет салынып отыр. Егер де біз Париждегі Эйфельді алатын болсақ, 120 жылдан асса да әлі күнге қызмет етіп жатыр. Туристердің бәрі Парижге барса соны көргісі келеді. Біз де онда болғанбыз, білеміз. Оны әрине «Нұр әлеммен» салыстыруға болмайды. Қай жағынан алсақ та. Келешекте «Нұр әлем» халықтың игілігіне қызмет атқарады деп ойлаймыз, тек қана біздің халық емес, шетелдіктер де оған қызығып келеді деп.

 

Көрме басталмай жатып-ақ ЕХРО мұрасын сақтау және тиімді пайдалану туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінде бұл қалашықта тіршілік қайнап жатыр. 11-ші қарашада «Нұр Әлем», «Үздік тәжірибелер» мен тақырыптық павильондар, Арт-орталық, технопарк, Жасыл технологияларды дамыту орталығы өз жұмысын бастап кетті. Енді бірер аптада «Астана» халықаралық қаржы орталығы да іске қосылады.