«Экспо-2017» алаңындағы Қазақстанның «Нұр әлем» ұлттық павильонына халықаралық көрме өткеннен кейін де көпшіліктің қызығушылығы әлі бір толастар емес. Негізгі қызметін тоқтатпаған кешен бүгінде астаналықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Бірінші қабатында меймандар қазақ халқының шежірелі тарихы, ұлттық болмысымен таныса алады. Павильонның тұжырымдамасын дарынды дизайнер Әйгерім Әкенова әзірлеген. Автор ұлттық құндылықтарға негізделген тақырыптың қыр-сырын 5 сезім арқылы ашуға тырысыпты.

ӘЙГЕРІМ ӘКЕНОВА, ДИЗАЙНЕР:

– Бірінші бөлімі - ауыспалы бейнелердің көмегімен адамның бес сезімі арқылы жасалатын саяхат. Ілияс Есенберлін айтқандай, ағаш биікке өспес бұрын тамырын тереңге бекітіп алады. Павильонның бұл бөлігінде біз төл тарихымыздың түп-тамырына бойлаймыз. Неліктен? «Жасампаз энергия» деп аталатын келесі аймаққа өту үшін. Өткенсіз бүгін жоқ. Осылайша, ұлттық мәдениетіміз бен салт-санамыздың өзегін жоғалтпай, мән-мағынасын сақтай отырып қана жарқын болашаққа қадам басамыз дегенді айтқым келді.  

Танысу қонақжайлық қабырғасынан басталады. Дәстүрлі салт-дәстүрімізді кеңінен көрсету үшін киіз үйдің өзін емес, оның құрылысында пайдаланатын материалдарды қолданған жөн деп таптым. Қазақтың үйін құруға қажетті ағаш, метал, киіз бен өзге дәстүрлі мата түрлері. Бұл заттарды қолымен ұстап көрген адам мәдениетімізді сезіну үшін осылай жасадық. Алғашқысынан бастайық. Бұл Қазақ деген ата-бабамыз жайындағы аңыз. Оның үш ұлы болыпты. Ол жиып-терген байлығын 4-ке бөлген. Үш бөлігін мұрагерлеріне тең қылып үлестірді. 4-ші бөлігін тағы үшке бөліп, ұлдарына оны «қонақ күтуге жұмсаңдар» деп аманат еткен. Сол кезден қонақжайлық халқымыздың қанына сіңген деседі.

Біз қазір «Алтын тостаған» деп аталатын келесі инсталляцияға келдік. Мұнда Үркер жұлдыздар шоғыры жайындағы аңыздар келтірілген. Бұл аңыздарды бекерден таңдаған жоқпыз. Ол қазақ халқының әлеуетін көрсетеді. Ата-бабаларымыз артынан Еуропада көптеп кезігетін тарихи сәулеттік нысандар мен ғимараттар қалдырмаса да, өздерінің қоршаған орта жайындағы ілімді зерттеулері мен мол ғибратты білімдерін мирас етті. Сондықтан жұлдыздар әлемінің пайда болуын баяндайтын аңыз таңдалды.

Қазақстан кең байтақ жермен көпке танымал. Біз ұлы дала елінің ұрпағымыз деп мақтана аламыз. Біздің табихат өте бай. Бабаларымыз қоршаған ортамен үндесе білуі арқылы тамыры тереңде жатқан қазыналы өнеріміз бен мәдениетімізді қалыптастырды. Сондықтан дәл осы тұста ауыспалы бейнелер арқылы жасалатын саяхатымыздың негізгі сипаттамасы жайғастырылды. Бұл жерде жергілікті табиғаттың 4 мезгілі мен әралуандылығы көрсетіледі. Сондай-ақ, осы арада отандық ғалымдар мен француз  парфюмерлері бірлесіп әзірлеген қазақ даласына тән жусан иісін сезінуге болады.

Бұл жерде ұсынылған ең соңғы сезімдеріміздің бірі ол адамның есту қабілетіне қатысты. Инсталляцияға «Өмірді тану» деген атау берілді. Осы жерде еліміздің дәстүрлі саз әлемін ашатын 16 халық күйін тыңдауға болады. Әр өңірден үздік деген 4 туындыны іріктеп адық. Келген адам арнайы әзірленген 16 шектің қайсысын шертседе әрбірінен өзіне жазылған күйі орындалады.  Бұл арқылы кең байтақ еліміздің әр жеріндегі музыка әлемінің қаншалықты маңызға ие екендігін көрсеткіміз келді. Бірін-бірі қайталамайтын күйлер халқымыздың мәдениетін сезіндіре алатын құдыретке ие. 

Еліміздің болмысын айшықтап, көпшіліке ұғындыратын «Нұр Әлем» Ұлттық павильоны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мұрагері атанды. Бүгінде төрткүл дүниеге  танылған кешен шетелдік туристер бас сұқпай кетпейтін Қазақстанның нышанына айналды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер