ЕХРО халықаралық көрмесі Қазақстанның экономикасына мультипликативтік тұрғыда оң әсер етті. Астанада өткен ауқымды шараның әлеуетін шетелдік компаниялар да сезінген. Қонақтар баламалы энергетика саласындағы соңғы жетістіктерді көріп қана қоймай, сонымен қатар, еліміздің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен кеңінен таныса алды. Италия Қазақстан үшін – басты сауда серіктестерінің бірі. Бұл ел біздің мемлекетке бүгінге дейін 6 миллиард доллардай қаржы құйды. Енді ЕХРО көрмесінің нәтижесі бойынша мемлекет италиялық кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер мен жобалар ұсына алады. Алдымен туризм саласында. Содан соң баламалы энергетика мен жасыл технологиялар бағыты қолға алынады.

АЛЕССАНДРА БЕНИНЬЕТТИ, ИТАЛИЯ ЖОҒАРЫ ГЕОПОЛИТИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Бүгін біз ЭКСПО-дан кейінгі Қазақстанның рөлін талқылап жатырмыз. Еуропа елдері, оның ішінде Италия үлкен қызығушылық танытып жатыр. Соңғы кездері өзара ынтымақтастық қарым-қатынасымыз едәуір нығайып келеді. Болашақта да серіктестігіміз беки түспек. Себебі Қазақстан баламалы энергетика саласында көптеген мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Германияның Гумбольдт университетінің қызметкерлері де ЕХРО-ны көру үшін Астанаға арнайы келген. Каролина Козиковска біздің елге жасаған сапары туралы ерекше сезіммен әңгімелейді.

КАРОЛИНА КОЗИКОВСКА, ГУМБОЛЬДТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЕУРОПАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЕТЕКШІ МАМАН:  

- Көз тартар сәулетімен баураған Астананы көру мен үшін тосынсый болды. Қаланың қолайлы жоспарланғанын, өзіндік өрнегі барын аңғардым. Жергілікті тұрғындары қонақжай екен. Жаны жайсаң астаналықтар әрдайым қол ұшын созуға дайын тұрады екен. Ал EXPO шарасы менің күткенімнен де асып түсті. Көрменің мәдени бағдарламасы мен ұйымдастыру жағы көңілімнен шықты. Жалпы барлығы халықаралық жоғары деңгейге сай болды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер