Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 162-ші сессиясы өтті. Онда Қазақстан делегациясы EXPO 2017 көрмесінің нәтижесі жайлы толыққанды баяндама жасап, ауқымды шараны өткізу тәжірибесімен бөлісті. Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов төрткүл дүние көз тіккен көрмеге әлем мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету, 2 миллионға жуық келушіні тарту және шараны жоғары деңгейде өткізу сынды үш міндеттің толық орындалғанын атап өтті. Ол шараны табысты өткізудегі Халықаралық көрмелер бюросының маңызды рөлін де айта кетті. Сондай-ақ, А.Есімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ХКБ Бас хатшысы Виссенте Лоссерталеске II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жарлығыменен халықаралық көрме бюросының басшысын Лоссерталес мырзаны «Достық» орденімен мараппаттады. Ол кісі және жалпы халықаралық көрме бюросы дайындық кезінде және EXPO-ны өткізу кезінде бізге көп көмек көрсетті. Қазір ғана бюро басшыларымен кездестік. Президенті, бірінші орынбасары, барлығының айтқаны, осы жердегі комиссарлар, көптеген бізге қатысқан мемлекеттер өкілдері біздің көрме өте жоғары деңгейде өткенін атап өтуде.

Сонымен, елорда төріндегі EXPO-ға 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Ал, келушілер саны жоспарланған межеден еке есе асып түсіп, 4 миллионға жетті. Тек, қазақстандық «Нұр Әлем» павильонының өзін 1 миллион үш жүз мың адам көрген. Шетелдік қонақтар туралы айтатын болсақ, олар әлемнің әр түкпіріндегі 187 мемлекеттен келген.

ДИМИТРИЙ КЕРКЕНТЗЕС, ХКБ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл ұзақ жылдар бойғы EXPO-мен тығыз серіктестік қарым-қатынастың жемісті нәтижесі ғана емес, Президент және Қазақстан Үкіметімен орнатқан бекем байланыстың көрсеткіші. Біздің берік достығымыздың айғағы. Бұл Халықарылық көрмелер бюросы мен Қазақстанның ынтымақтастығындағы жаңа тараудың бастауы.

EXPO халықарылық көрмесінің қорытынды есебінде шараны өткізудің экономикалық әсері жайлы да айтылды. Дайындық және көрме барысында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,3 пайызға артқан. Тауар өндіру 70 пайызға, туристік қызметтерге сұраныс 80 пайызға көбейген. Енді, көрменің бірегей ғимараттары сақталып қалады. EXPO-ның орнында қаржы, білім және туристік орталықтар бой түзейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер